429,68 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Биыл Қостанай облысында жаңадан 14 мың жұмыс орны құрылды

  • 152
  • UPD: 22:05, 09.12.2020

Биыл Қостанай облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша жаңадан 14 мың жұмыс орны құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде алдағы екі жыл ішінде 280 жоба жүзеге асырылады. Осылайша, жөндеу көрмеген нысандар жөнделіп, ауыл-аймақ абаттандырылып, әлеуметтік сала дами түспек.

Әуежай шағынауданында жаңа саябақтың құрылысы аяқталуға жақын. Демалыс орны жасанды көлді қоршап, көп қабатты үйлердің жанында орналасқан. Мұндағы абаттандыру жұмыстары мемлекеттік бағдарлама аясында жүзеге асырылып жатыр. Қазынадан бұл мақсатқа жарты миллиард теңгеден астам қаражат бөлінді.

Атом Никогосян, бас мердігер:

- Саябақ көлді айнала қоршайды. Велосипедке және жаяу жүргіншілерге арнап жол салдық. Балалар және алып скейтборд алаңын тұрғыздық.

Нысанның құрылысына жаздан бері 130 адам жұмылдырылды. Жартысынан көбі жұмыспен қамту орталығы арқылы келгендер. Солардың бірі – Андрей Мяготин. Ол осында келмей тұра кәсіппен айналысқан. Бірақ бизнесі жабылған соң жол техникасын тізгіндеуге бел буған.

Андрей Мяготин, Жол техникасының жүргізушісі:

- Техникалық қызмет көрсету сервисін жалға алғанмын. Бірақ карантинге байланысты клиенттер азайып, біраз шығынға баттым. Сөйтіп, оны жабуға тура келді. Қазіргі жұмысым өзіме ұнайды. Енді құрылыс саласында қалуды ойлаймын.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» бойынша облыста 280 жоба жүзеге асырылады. Оның құны 54 млрд теңгеге жуықтайды. Қазірдің өзінде 14 мың адам жұмыспен қамтылған.

Аида Құсайынова, Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Жұмыспен қамту орталықтары арқылы 7 мың адамды орналастырдық. Олардың жалақылары кемінде 85 мың теңге. Бағдарлама аясында ең әуелі жұмыссыз жүрген жастарға басымдық беріледі.

Аймақта жұмыспен қамтылмаған әлі 4000 адам бар. Оларды қоғамдық және әлеуметтік жұмыс орындарына, жастар тәжірбиесі бағдарламасы бойынша орналастыру көзделген.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы