419,66 501.30 5.64
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысындағы Державинск қала мәртебесінен айырылуы мүмкін

  • 137
  • UPD: 23:24, 10.12.2020

Державинск мәртебесін өзгертуі мүмкін қалалардың тізіміне кірді.

Жақында Сенат бірінші оқылымда осы заңға қатысты енгізілген түзетулерді мақұлдаған болатын. Шаһар мәртебесіне сәйкес келмейтіндердің қатарында 13 қала бар. Соның бірі – Державинск.

Ондағы халық саны 10 мыңға жетпейді. Егер қала атанбаса, жергілікті жұртшылық ауыл тұрғындарына көрсетілетін мемлекеттік қолдауға ие болады. Оның қатарында ауылдық жерлерді дамытуға бағытталған бағдарламалар бар. Бірақ бұл хабарды әркім әрқалай қабылдады. Бірі қолдаса, тағы бірі бұған үзілді-кесілді қарсы. 

Державинск – Ақмола облысындағы шағын қала. 1996 жылға дейін мұнда 38-ші зымыран атқыштар дивизиясы болды. Дивизия жұмысын тоқтатып, таратылған соң, қаладан мыңдаған адам өзге өңірлерге көшіп кеткен. 90- жылдардың басында 15 мыңдай тұрғыны болса, 10 жылдан соң ол екі есеге дейін қысқарды. Былтырғы санақ бойынша қала халқының саны 6 мыңға әзер жеткен. Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қалаға ауыл мәртебесінің берілуі тұрғындар үшін тиімді болмақ. «Бұдан ұтпаса, ұтылмайды», – дейді олар.

Амантай Ахметов, Жарқайың аудандық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:

– Қазір бұл жерден үдере көшіп жатқандар жоқ. Қайта көшіп келіп жатыр. Ақырындап халық саны өсіп келеді. Орта және шағын бизнес даму үстінде. Дегенмен ауылды көтеруге арналған көптеген бағдарлама бар ғой. Соның бізге де көмегі тиер еді. Әсіресе ауыл шаруашылығымен айналысатындар өз жұмыскерлеріне үй салып берсе, мемлекет оларға субсидия  береді. Бұл тұрғындарға айтарлықтай көмек болар еді.

Алайда тұрғындар Державинскті қала мәртебесінен айыруға қарсы. Мұнда қазір кезінде қаңырап бос қалған көпқабатты үйлерді қалпына келтіру жұмыстары белсенді жүріп жатыр. Жаңа модульді ветеринарлық зертханасы мен аурухана ашылды. Асфальтбетон шығаратын зауыт пен сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорын бар. «Сондықтан да қала болып қалуымызға негіз бар», – дейді тұрғындар.

Ұлбосын Ахметова, аудандық мәслихат депутаты:

– «Моноқала» деген үлкен бағдарлама бар. Біз соның арқасында жағдайымызды түзеп алдық. Ал соңғы бір-екі жылға қаланың өзінің жеке бюджеті бар. Көп болмаса да, әжептеуір. Біз шалғай жатқан ауданбыз. Шалғай жатқан ауылдар да бар. Әрине, бағдарламалар да бар. «Алтын бесік», тағысын тағы. Бірақ шалғай жатқан аудандарға мамандардың бару-бармауы неғайбыл. Оған біз ештеңе деп айта алмаймыз. Саны келмейді. Бірақ өсіп жатыр. Бір күнде ондай шешім болмайтын шығар. Тағы қарастыратын шығар. Біз тұрғындар мен депутаттар атынан хат жаздық.

Әзірге нақты шешім шыққан жоқ. Шаһар тек мәртебесін өзгертуі мүмкін қалалардың тізіміне кірді.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Анна Шолгина, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы