424,46 504.55 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістандықтар суық басталғалы көгілдір отынға жарымай отыр

  • 283
  • UPD: 15:37, 11.12.2020

Түркістандықтар суық басталғалы көгілдір отынға жарымай, бүрсеңдеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қаладағы үйлер мен нысандардың небәрі 30%-ке жуығы ғана көгілдір отынға қол жеткізген. Оның өзінде қысымы төмендеп, газ құбырларының ішінде су қатып қалуда. Салдарынан тұрғындар дірдең қағып, жылусыз отыр.

Түркістандық тұрғындардың бірі – Кенже Тілеубергенов қыс түскелі үйіміздің берекесі қашты деп отыр. Айтуынша, қала басшысының сөзіне сенген ол үйінің пешін бұздырып тастаған. Қазандықты толықтай газға ауыстырған тұрғын «қатты аяз басталғалы құбырларға су қатып, жылусыз қалдық» дейді. Амалы таусылған соң қатқан құбырдың мұзын шаш кептіретін құрылғымен өздері еріткен. Көмек шақырғанымен, жауапты мердігер әр келген сайын ақша сұрайтынын айтады.

Кенже Тілеубергенов, қала тұрғыны:

- Алдында екі мың, мың деп жүрді. Енді бес мыңға шығып алыпты. Күнде бұған бере беретін ақшамыз қайда, бес мың? Аяз алда болады, қанша болатынын білмейміз. Ертең қырық грдус аяз болса, қатып қалса күніге оған он мыңнан береміз ба? Газын істей ме, дұрыстап істеп берсін. Болмаса, газ-пазын алып кетсін де, пешімізді құрып берсін.

Ақылбек Қарабалаев, қала тұрғыны:

- Газдан сондай су қатып қалып жатыр. Қайта-қайта түнімен шығып кептіреміз фенмен, қыздырамыз. Бір 10-15 минут жанады, кейін қайтадан өшіп қалады. Қайтып түнімен осы арада қарауылдап шығамыз. Үй суып кетеді.

Салдарынан тұрғын үйлерде жылу болмай, балалар жаппай ауыра бастаған. Мәселе шешілмеген соң кей тұрғындар жылуды қайта пешке ауыстырып алыпты. Көгілдір отынның мәселесі тек жеке тұрғын үйлерге ғана емес, кәсіпкерлік нысандарға да кері әсерін тигізуде. Қаладағы жалғыз нан зауытының өзі жылу маусымы басталғалы газдың қысымы төмендеп, нан өнімдерін шығаруды 50%-ке қысқартқан. Кәсіпкер газ болмағандықтан, Түркістан мен Кентау қалаларын ас атасымен толық қамти алмай отыр.

Насиба Атаева, нан зауытының директоры:

- Бір ай көлемінде біз жұмысты тоқтаттық. Мүлдем нан шығара алмадық. Желтоқсаннан бастап екі үш күн газ болады, одан кейін күн тоқтап қалады. Жұмысшыларды 30%-ке қысқарттық. Қала әкіміне де, «ҚазТрансГаз» аймақтың бас директорына да хат жаздық. Бірақ проблема шешіліп жатқан жоқ.

Ал, шаһардағы газға жауапты мамандар құбырға судың қатып қалуын құрылыс кезінде кеткен кемшіліктермен байланыстырды. «Олқылықтың орнын толтырып, шетінен жөндеп жатырмыз», деп ақталды.

Нұрлан Бектұрсынов, қалалық инфрақұрылым және коммуникация бөлімі басшысының м.а.:

- Қазір «Интергаздың» жұмысшыларымен хабарласудамыз. Қай жерде осындай жағдай болса, кезекші бригдалар шығып, осы жұмыстарды орнына келтіруде. Негізінде ол жұмыстар ақылы емес, «Интергаз» тарапынан тегін істелетін жұмыстар.

Бұған дейін атқамінерлер қарашада құбыр тарту жұмыстары толық аяқталып, желтоқсанда қала тұрғындары 100% газбен қамтылады деген болатын. Алайда желтоқсанның ортасы болса да қала тұрғындары көгілдір отынның қызығын көре алмай отыр. Қаланың қашан тұрақты газға қосылатынын да әлі ешкім дөп басып айта алмайды. Сондықтан жылуға жарымай, бүрсең қаққан қала тұрғындарына әлі де біраз шыдай тұруға тура келеді.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы