424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда балықшылар қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемейді

  • 227
  • UPD: 20:16, 11.12.2020
Павлодарда балықшылар қарапайым қауіпсіздік ережелерін елемейді

Ертіс өңірінің балықшылары қарапайым қауіпсіздік ережелерді елемейді. Бұл құтқарушыларды мезі қылған мәселелердің бірі. Әр маусым сайын өткізілетін акциялардың да пайдасы шамалы. Сондықтан сала мамандарының алдын алу шараларын күшейтуден басқа амалы жоқ. Аймақта судағы қауіпсіздік бойынша кезекті айлық бастау алды. 

- Здравствуйте, ДЧС проводит рейд. Акция у нас безопасность на льду.

Бүгінде Ертіс өзеніндегі мұздың қалыңдығы 20 сантиметрден аспайды. Бұл балық аулауға жеткілікті. Десе де, қауіпсіздік ережелерін сақтау жауапкершілігі әр азаматқа жүктеледі. Әр балықшының қолында қауіпсіздік құралдары болуы шарт.

Асқарбек Омаров, облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы:

- Акцияның мақсаты - Павлодар облысының әр тұрғынына мұздағы жүріс-тұрыс, қарапайым ережелерді жеткізу. Статистикаға келетін болсақ, су айдындарында қысқы-күзгі уақытта көбінесе балықшылар және қараусыз қалған балалар, сондай-ақ құтқарушылардың кеңестерін елемей, қатпаған, борпылдақ және әлсіз мұзға шығатындар.

Құтқарушылар әуесқой балықшылардың жауапсыздығымен  күресу үшін түрлі әдістерді қолдануда. Жадынама таратып, ережелерді түсіндіреді. Сонымен қатар судағы қайғылы оқиғалар туралы әңгімелеуге тура келеді. Бұған қарамастан балықшылар қауымы оқыс жағдайға тап болудан қорықпайды.

Жорж Хвастишко, балықшы:

- Балық аулап жатырмын. Бүгін жолым болды. Екі келіге жуық балық жиналып қалды. Қолымда ешқандай құтқару құралдары жоқ. Олар қажет емес бізге.

Өкініштісі сол, қарапайым ережелерді елемеудің соңы қайғылы оқиғаға апарады. Өңірде қыс басталмай жатып, егде жастағы балықшы өзенге батып кете жаздады. Азаматқа суық тиіп, аурухана жатқызылған.

Теміржан Танжанов, қалалық ТЖБ азаматтық қорғаныс тобынының аға офицері:

- Ауа райы қолайсыз болғанда мұзға шығуға тыйым салынады. Әр балықшы мұзда болған кезде қажетті құралдармен қамтылуы тиіс. Мәселен, ысқырғы, құтқару күртешесі мен тістеуік болуы керек. Кем дегенде 12 метрлік арқан және екі метрлік таяқ болуы шарт. Ұялы телефон да қажет.  

Құтқарушылардың айтуынша, балық аулау үшін 10 сантиметрлік мұз жеткілікті. Дегенмен, мұз тегіс әрі жылтыр болғаны жөн. Сонда ғана балықшылардың қысқы ермегі қауіпсіз болмақ.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы