434.16 493.30 5.87
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

«Бозжырадағы» жабайы туризмді жөнге салмасақ, табиғаттың түбіне жетеміз – сарапшылар

  • 340
  • UPD: 08:31, 12.12.2020

Сондықтан да ол жерге дейін инфрақұрылым жүргізіп, саяхаттаушылар үшін мәдениетті демалысты ұйымдастыру керек.

«Бозжыра» шатқалына барған халықаралық және отандық сарапшылар осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ақтауға арнайы барған экология, геология және табиғи ресурстар министрі бастаған жұмыс тобы қоғам өкілдерімен бірлесіп, «Бозжыра» жобасына қатысты арнайы жиын өткізді.

Халықаралық деңгейдегі сарапшылар, отандық экологтар мен ғалымдар бүгінде қоғамның қызу талқысына түскен «Бозжыра» шатқалына барды. «Бозжыра» шатқалы Ақтаудан 300 шақырым қашықтықта жатыр. Жұмыс тобы алдымен Жаңаөзенге, сосын Сенек ауылына жетіп, одан әрі 20 шақырымдай жолсыз жермен жүрулеріне тура келді. Шатқалдың айналасы қоқысқа толған. Айқұш-ұйқыш көліктердің ізі сайрап жатыр. Туристердің бұл маңға бейберекетсіз баруын тежеп, туризмді дұрыс ұйымдастырмайтын болса, «Бозжыраның» экологиялық жүйесіне, ондағы жануарлар дүниесіне айтарлықтай зиян келуі мүмкін дейді ғалымдар.

Рикардо Марини, сарапшы /Италия/

- Мен «Бозжыраға» алғаш рет бардым, зерделедім. Бұл өте сезімтал жер. Егер Гранд-Каньон өте үлкен әрі қатты болса, мұнда бор, гипс көп екен. Сондықтан бұл аумақты қорғау үшін шұғыл түрде шаралар қабылдау қажет. Мұндай жерлерге көлікпен келетін адамдар қоқыстарды лақтырып, табиғатқа қандай зиян келтіретінін сезбейді. «Жабайы туризмді» тәртіпке салып, «экологиялық туризмге» айналдырмаса, андыздаған жол, андағайлаған автокөлік ағыны жанды және жансыз табиғаттың түбіне жететіні анық.«ҚазақТуризм» «Бозжыраның» табиғатын ойлап, туристерді қабылдауды бір жүйеге келтіру туралы шешім қабылдауы уақытылы әрі дұрыс деп санаймын. Жол салып, туризмді заңды түрде дамыту керек.

Ақмарал Серікбаева, Ш.Есенов университетінің профессоры:

- Шатқал жоқ болып кетуі де мүмкін, егер осылай бейберекетсіз қимылдар жүретін болса, көліктер жүріп жатыр. Сондықтан оны жан-жақты зерттеу керек. Туризмді дамыту үшін, оны әлемге таныту үшін біз инфрақұрылымды жақсартуымыз керек. Қаладан жақын елді мекендерге инфрақұрылымды жақсарту керек және сол территориядағы мониторингті, бақылау орындарын орналастыру сияқты жұмыстар көптен жүргізілу керек. «Бозжырада» экотуризмді дамытуды біз қолдаймыз. Және біздің эколог мамандар да осыған жұмыстануға, зерттеуге дайын. 

Биыл «Бозжыраның» көркем көрінісін тамашалаушылардың саны 10 есеге өскен. Тамыз-қазан аралығында 2 мыңға жуық адам барды. Келер жылы бұл сан 5 есеге артуы мүмкін. Сондықтан да мамандар бірауыздан ондағы туризмді дамытып, саяхаттаушыларға қажетті жағдайдың жасалуы тиіс екеніне тоқталды. «Бозжыраға» келушілерге қызмет көрсету үшін туристік кешен салынады. Экология, мәдениет және спорт министрі мен әкім және қоғам өкілдері қатысқан жиында инвесторларға бутик қонақүйді қаумалдың сыртына салу ұсынылды.

Ержан Еркінбаев, Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы:

- Бутик қонақүйді салуды бастапқыда ұсынған жоба авторларына бір талап қойылды. «Бозжыраның» табиғи қалпын сақтау үшін туристік кешен шатқалдан алшақ жерге, қаумалдың сыртына салынуы тиіс. Инвестор өкілі ұсыныс-талапты тыңдап, келісетінін мәлімдеді. Енді бұл жобаны жүзеге асыру үшін құрылыс жүргізілетін жерді белгілеу керек. Барлығы талапқа сай іске асырылады.

Экология министрі сапары аясында Каспий итбалықтарын зерттеу және қалпына келтіру орталығының жұмысымен танысты. Мұнда жарақат алған, ауырған су сүтқоректілерді емдеп, мекен ету ортасына қайта жібереді. Министрлік өз тарапынан орталықты кеңейту, жабдықтандыру жұмысына қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Жалпы Қызыл кітаптағы итбалықты ұрып-соғу жағдайы бұдан кейін қайталанбауы тиіс. Сондықтан біздің мамандарымыз еріктілерді тартып, оқу курстарын өткізуді бастамақ дейді министр.

Мағзұм Мырзағалиев, ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі:

- Біз жақында ғана итбалықты сақтау мақсатында оны Қызыл кітапқа енгізген болатынбыз. Өкінішке қарай итбалық саны жылдан жылға азайып бара жатыр. Бірнеше жыл бұрын итбалық саны 1 млн астам болатын. Қазір сарапшылардың есебі бойынша 100 мыңға жуық. Сондықтан біз нақты іс шараларды қабылдап жатырмыз. Оның ішінде Ресей тарапымен бірлесіп, біз зерттеу жұмыстарын бастадық.

Сонымен бірге министр Ресейдің Махачкала жағында итбалықтардың өліміне қатысты қазір орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің жергілікті инспекторлары теңіздің Қазақстан жағында сараптама жүргізіп жатқанын да хабарлады. Инспекция мамандарының  мәліметінше, Қазақстан аумағында итбалық өлімі факторы тіркелген жоқ.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы