423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Еліміздің теңіз-шекара флоты маневрлік шоғырлану бекетімен толықты

  • 292
  • UPD: 21:03, 12.12.2020

Тәуелсіздік күні қарсаңында теңіз-шекара флоты маневрлік шоғырлану бекетімен толықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Отандық жоба егемендік алғалы бері тұңғыш рет жүзеге асып отыр. Ақын Абай Құнанбаевтың есімі берілген жүзбелі нысан бортына 800 тоннаға дейін жүк сияды. Бұдан былай жағалау күзетінің корабльдеріне азық-түлік, қару-жарақ қорын толтыру үшін Ақтаудағы әскери айлаққа барудың аса қажеттілігі жоқ. Енді олар Қарақия ауданы аумағындағы осы бекетке тоқтай алады.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Теңіз шекарашыларының тілімен айтсақ, жылжымалы тұрақ бекеті, бұл шын мәнісінде қозғалтқышы жоқ кеме. Яғни, оны теңіз бетінде жылжыту үшін қуатты сүйреткіш-буксир қажет. Тәуелсіздік тарихында қазақтың теңіз-шекара флоты қол жеткізген мұндай жоба әзірге бірегей. Мұнда бір мезетте 4 корабль аялдай алады. Палубасының үлкендігі соншалықты, 10-ға тарта жүк көлігі еркін сияды.

Ресейдің әскери-теңіз күштерінде кеңінен қолданылатын осындай жүзбелі бекет енді Қазақстанда да бар. Оны қолданысқа беру салтанатында шекара қызметі жағалау күзеті өңірлік басқармасына қарасты әскери бөлімдердің сарбаздары мен теңізшілері сап түзеді. Әнұран шырқалды. Экипаж командиріне бекет атауы жазылған тақта табысталып, еліміздің әскери-теңіз туы көтерілді.

Судан келетін қатерге қалқан шекара флоты құтқару операцияларына да жұмылдырылады. «Енді біздің құрамға жүзбелі бекеттің қосылуы адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндікті арттыра түсті», - дейді теңізшілер.

Жалғас Ықсатов, «Сарбаз» кемесінің штурмандық-жауынгерлік бөлім командирі:

- Апатқа ұшыраған кемелерді, жарақат алған кісілерді бұрын осы жағаға дейін үлкен кемелермен келіп, жағаға жеткен кезде кіші катерлерді түсіру бірақ уақыт алатын. Катерді түсіру кезінде осы жағалаудың мұздауына байланысты қиындықтар туатын. Біз кемемен тіке келіп, осы құрылғыға тұрамыз. Осындағы медиктер жедел, жылдам көмек көрсете алады. Бұл тұрақты тек жағада емес, ашық теңізде де қолдануға болады.

Маневрлік шоғырлану бекетінің экипажы – 6 адам. Жүзбелі нысанға аялдаған жауынгерлік кемелерге жанармай, азық-түлік пен қару-жарақ қорын толтыру кезінде теңізшілер моншаға түсіп, теледидар тамашалап тынығады.

Вячеслав Валиев, отандық кеме құрастыру зауытының бас директоры:

- Бұл біздің зауыт ұжымы жүзеге асырған 31-ші жоба. Ендігі кезекте шекара кемелері ашық теңізде ұзақ уақыт жүре алады деуге болады. Алыстағы әскери айлаққа емес, жүзбелі бекетке келіп, экипажға қажетті заттар қорын толтырып алады. Мұнда аялдау сәтінде жауынгерлік су көліктерінің дизель қозғалтқыштары сөніп тұрады. Өз кезегінде жанар-жағармай үнемделеді. Оларға электр қуатын осы бекеттегі 3 генератор береді. Бірі 50, қалғаны 172 кВт ток өндіреді.

Теңіз шекарашылары жорық кезінде су бетіне қоқыс тастамау тәртібін берік ұстанады. Яғни, кеме бортына жиналған тұрмыстық қатты қалдықтар мен кәріз суы жүзбелі бекеттегі цистерналарға төгіледі. Осындай мүмкіндікке ие қазақстандық жобаның тағы біріне тапсырыс беру жоспарда бар. Оралдағы зауыт оны бір жылда құрастырып беруге әзір.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы