424,64 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қордайдағы он елді мекенге көгілдір отын жеткізілді

  • 299
  • UPD: 22:47, 14.12.2020

Тәуелсіздік күні қарсаңында Жамбыл облысы Қордай ауданының 10 ауылы көгілдір отынға қосылды. Президент тапсырмасымен Ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» Акционерлік қоғамы Жамбыл облысы әкімдігімен бірлесіп, Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масанчи, Қаракемер, Қарасу және тағы бірнеше елді мекенде газ құбырын жүргізу жұмыстарын аяқтады.

Қордай ауданы бойынша биыл жалпы ұзындығы 392 шақырым газ құбыры жүргізілді. 62 мыңнан астам тұрғын, 274 әлеуметтік және кәсіпкерлік нысан көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік алды. Жұмыстар қысқа мерзімде, маусым-қазан айлары аралығында жүргізілді. Сортөбе ауылы тұрғындарының бірі Мәдина Молдажанова пеш жағып, күл шығарудан әбден шаршаған. Көгілдір отын келгелі шаруасы біраз жеңілдеп қалды.

Мәдина Молдажанова, Сортөбе ауылының тұрғыны:

- Рахат болып қалды. Бұрын енді баллон бітсе, жүгіріп, ал қазір жақсы. Күні-түні жылы үй. Ой, көмір жағып, ол жағамыз, күлін шығарамыз. Түнде өшіп қалады көмір.

Ауданды газбен қамту мәселесі 70 жыл бұрын айтылған еді. Содан бері оңтайлы шешімін таппай келді. Президент қолдауымен бұл іске жыл басында 10 миллиард теңге бөлінді. Нәтижесінде қордайлықтардың 95 проценті көгілдір отынмен қамтылды.

Сәкен Исмайлов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры:

- Бұл газ құбырынан 7 мың тұрғын үй газ алады. 62 мың адам тұратын елді мекендер. Алдағы уақытта тағы 7 елді мекен осы құбырдан газдандырылатын болады. Осы құбыр құрылысымен Қордайдағы газ тарату станциясының жаңғырту жұмысы жүргізілді.

Табиғи газ экологиялық жағдайды да жақсартады. Ауаға тарайтын зиянды заттар азаяды. Сонымен қатар тұрғындардың тұтынушылық шығыны қысқарады.

Автор: Рауан Мыңбаев

Хабар 24 телеарнасы