425,85 504.32 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Шығыс Қазақстан облысында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді

  • 439
  • UPD: 23:04, 14.12.2020

Шығыс Қазақстан облысында тәуелсіздік жылдары азық-түлік қауіпсіздігіне баса мән беріліп, мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Өңірде 68 сүт-тауарлы фермасы жұмыс істейді. Ондағы өндірілген өнім ішкі нарықтың 87 процентін қамтиды. Болашақта облыс тұрғындарын толық отандық сүт өнімдерімен қамтып қана қоймай, экспортқа шығару да жоспарда тұр. Аймақта ет бағытындағы асыл тұқымды шаруашылықтар саны да артып келеді.

Мына жануарлар Рулиха ауылына сонау Нидерландыдан әкелініпті. Сүт бағытындағы асыл тұқымды ірі қара әзірге карантинде тұр. Жыл соңына дейін кешеннің құрылысы толық аяқталып, сиырлар израильдік технология арқылы сауылатын болады. Жоба құны 2,7 миллиард теңге. Оны жүзеге асыру үшін мемлекеттен жеңілдетілген несие берілген.

Серік  Сағындықов, «РУЛИХА» ЖШС директоры:

- Бұл жерде 30 адамға қосымша жұмыс орны ашылады. Жобаның екінші кезеңінде тағы 400 басқа арналған ферма салынады. Яғни болашақта мың сиыр сауылады деген сөз.

Ержан Нұрбаев, ШҚО әкімінің орынбасары:

-Біздің әкімнің жоспары – сүт тауарлы фермаларға өте үлкен көңіл аударып, 363 мың тонна қазір жағдайда тауарлы сүтіміз бар. Осымен біз қазір 87 пайызын жауып отырмыз өзіміздің сүт өңдеу кәсіпорындардың бәрін. Енді алдымыздағы мақсат мұны тоқсанға жеткізу, болашақта 100 процентке дейін жеткізу.

Ал Көкпекті ауданындағы мына шаруашылықта ет бағытындағы асыл тұқымды ақбас және ангус сиырлары өсіріледі. Биыл 5 мың басқа арналған бордақы алаңы іске қосылыпты.

Болат Бекбердинов, «Елім-ай-Көкпекті» ЖШС Бас директоры:

- Осы тәуелсіздіктің арқасында бүкіл дүниежүзін аралап, қай жерде жақсы мал бар соны таңдап әкелген мал, таңдап әкелген технология. 20-жылы бойынша 120 миллион субсидия алдық алған технология, техникамызға. Ол деген өте үлкен көмек бізге. 

Көкпектілік фермер келесі жылы құны бір жарым миллиард теңге болатын суармалы жерлерді игеру жобасын жүзеге асырмақ. Сонда мал азығы мәселесі толық шешіліп, ірі қара санын 30 мыңға дейін жеткізуге мүмкіндік туады.

Авторлар: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов

Хабар 24 телеарнасы