425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көкталға көгілдір отын қашан жетеді?

  • 357
  • UPD: 09:21, 15.12.2020

Алдағы үш жылда Нұр-Сұлтан қаласының кемі 12 мың тұрғынын көгілдір отынға көшіру жоспары бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биылдың өзінде басқаларға іргелес бірқатар ауданды табиғи отынмен жылыту көзделген. Алайда жылдың соңы көрінді, жылу әлі жоқ. Осылай деп шағымданған Көктал-2 тұрғын алабының тұрғындары газдандыру жұмыстарының тұралап қалғанына наразылық білдіріп телеарнамызға хабарласты.

Әлібек Бақаевтың осы үйде тұрып келе жатқанына 15 жыл болыпты. Қыстың қамын жазда ойлап, қашанда қорасын отын-суға толтырып алатын. Бірақ биыл табиғи отынға көшемін деген ниетпен жылдағыдай қамданбаған. Салдарын сарышұнақ аяз түскенде тартыпты. Газды да күте-күте үміті үзілген.  

Әлібек Бақаев, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

– Жас бала емеспіз ғой. Мен биыл қосады дегенге сеніп отырған жоқпын.

Қысты күні Көкталдың көгін қашанда көк түтін басып кетеді. Сондықтан тұрғындардың әрі-бірі мердігерлерге 500-ден 700 мың теңге аралығында қаржысын төлеп, жүйені жөндетіп, пеш қойдырған. Газдың тарифімен де келісіп отыр. Әкімдік мамандары тағы бір аптада жұмысты толық аяқтаймыз деп сендіреді.

Мақсат Есмағұлов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі  отын-энергетикалық ресурстар бөлімінің басшысы:

– Көктал-2 және Агроқалашықтың бір бөлігі бойынша қазір аталған желіні «ҚазТрансГаз» АҚ пайдаланушы ұйымының теңгеріміне өткізу бойынша жұмыс жүріп жатыр.Осы бір аптада олар толық қосылады. Сондай-ақ Көктал-1-дің бір бөлігі, ал қаңтар айында қалған бөлігін қосу жоспары бар.

Мамандардың сөзінше, биыл 6 мың тұрғынның орталық газ жүйесіне қосылу мүмкіндігі бар. Ал көгілдір отын тарифі ҚҚС қоса есептегенде 34,6 теңге болып белгіленген. Бұл қатты отынмен салыстырғанда кемі 10-15 процентке арзан көрінеді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы