429,33 519.25 5.73
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жұмысынан айырылған 92 мыңнан астам адам төлем алды

  • 221
  • UPD: 10:59, 15.12.2020
Жұмысынан айырылған 92 мыңнан астам адам төлем алды

Жыл басынан бері жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алушылардың саны 92,4 мың адамды құрады, бұл ретте 10 747 азаматқа төлем қараша айында тағайындалды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40% дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

Жұмыстан босатылған қызметкерге төлем тағайындау үшін:

– Egov.kz порталында авторизациялану;

– «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;

– Онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;

– Бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы (бұдан әрі – ХЖҚО) бос жұмыс орындарын ұсынады;

– Егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтан жұмыссыз мәртебесі берілетін болады (қажет болған жағдайда қосымша ақпарат жинау үшін сізге ХЖҚО қызметкері хабарласады);

Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.

Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адам жұмыс іздеген кезеңде оны қолдауға арналған.

Бұдан бұрын айтылғандай, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 17 қарашадан бастап республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының тұрғындары үшін тестілік режимде электрондық еңбек биржасы арқылы халықты жұмыспен қамту орталықтарының қашықтан қызмет көрсету функционалын іске қосты.

Пилоттық жоба жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айрылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алуды жеңілдету үшін іске қосылды. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы ғана жасауға болады.

Ақпарат көзі: ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы