420,66 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елімізде пойыздардың қызмет сапасы қатаң бақылауға алынды

  • 130
  • UPD: 23:14, 15.12.2020

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында» құрылған мониторингтік топ барлық бағытта қатынайтын керуендерді тексеріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әсіресе, жолсеріктердің бармақ басты, көз қысты әрекеттеріне жол бермеу және санитарлық талаптардың сақталуы жіті қадағаланады.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Біз қазір Орал қаласынан Ақтөбеге бара жатырмыз. Пойыз жаңа ғана қозғалды. Мониторингтік топ, мінекей, жолаушылардың құжатын тексеруге кірісті.

Тексеріс болатынын ешбір жолсерік алдын ала білмеді. Мониторингтік топ әр станциядан мінген жолаушылардың билетін мұқият тексерді. Сонымен қатар тиелген жүктердің көлемі ережеге сай болуын қадағалады.

Асылхан Өмірсерік, Мониторинг қызметінің инспекциялық жұмыс бойынша бас менеджері:

- Бұл бағыттағы пойызда ешқандай олқылық тіркелген жоқ. Билетсіз мінген жолаушылар болмады. Артық жүкті де байқамадық. Талап бойынша әрбір жолаушы өзімен бірге 35 келіге дейін жүкті тегін алып жүре алады. Ал «Тальго», «Тұлпар-Тальго» вагондарына әр жолаушы 25 келіге дейін сала алады.

Сонымен қатар Нұр-Сұлтан – Орал бағытындағы пойызға жүргізілген мониторингті де көзбен көрдік. Мамандардың мәліметінше, кейбір жолаушылар билет алуға үлгермей қалса, жолсерікпен келісуге тырысады екен. Дегенмен, тексеріс барысында дәл осы теміржолда ондай «пысықайлар» кезікпеді.

Ғалымжан Әлібеков, пойыз бастығы:

- Жолаушы да, жолсеріктер де өз жазаларын алды өз уақытында. Қазіргі таңда жақсы тексерістер бар. Қазіргі таңда жолаушылар де үйренді. Билетсіз жүруге ешқандай жолсерік те алмайды қазір және де ешқандай қорап да алмайды.

Пойыздардың қызметін бақылау жұмыстары жоспарлы және жоспардан тыс уақытта да жүргізіледі. Тәулігіне 40 шақты пойыз тексеріледі. Қараша айынан бері 371 темір керуен қадағаланып, билетсіз мінген 5 жолаушы және артық тиелген 1,3 тонна жүк анықталды. Мониторинг жүргізү шаралары әлі де жалғасып жатыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов

Хабар 24 телеарнасы