421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қаражанбас кен орнында жаңа модульдік жатақхана қолданысқа берілді

  • 131
  • UPD: 23:21, 15.12.2020

Маңғыстау облысындағы Қаражанбас кен орнында жаңа модульдік жатақхана қолданысқа берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы бұл жаңалықты мұнайшылармен бірге аутсорсингтік компания жұмысшылары да қуанышпен қарсы алды. Нысанды ашу салтанатына «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Алик Айдарбаев бейнеконференция арқылы қатысып, ұжымның жұмысына табыс тіледі.

Басқарма төрағасы Алик Айдарбаев былтыр Қаражанбас кенішіне жұмыс сапарында мұнайшылармен кездескен еді. Сол кезде барлық жұмысшының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы бірдей болсын деген сұрақ қаралған. Бұл мәселе аутсорсингтік компанияларға тікелей қатысы бар. Соңында модульдік жатақхана тұрғызуға шешім қабылданды.

Асқар Шәудірбаев, аутсорсингтік компания қызметкері:

- Артымда тұрған жатақхана біздерге, аутсорсинг жұмысшыларына арналып жасалды. Біз қазір бірдей киінеміз. Бірдей тамақ ішеміз. Көлікпен де бізді қамтамасыз етіп отыр. Кен орны басшыларына және былтыр осы біздің талабымызға араласқан Алик Серікұлына көп рахметімізді айтамыз. Ауыр жұмыстан келгеннен кейін жайлы тынығатын орын, міне, жасалып жатыр.

Бүгін ашылған модульдік жатақхана екі блоктан тұрады. Бас-аяғы 150 орынға есептелген. Әр бөлмеде жиһаз бен тұрмыстық техника қойылған. Жуынуға арналған орын да бар. Аутсорсингтік компаниялар қызметкерлері күніне үш мезгіл мұнайшылармен бірге тамақтанады. Жұмыс киімін жудыруға беріп, жайлы орынға келіп тынығады.

Оңғарбай Қабылов, «Қаражанбасмұнай» АҚ өндірістік басқарма директоры:

- Аутсорсинг жатақханаларында енді әр мекеменің өзінің жағдайына қарап салған жатақханаларда тұрды ғой. Ал біздің «Қаражанбасмұнайдың» жатақханасы салыстырмалы түрде ілгері болды. Осы тепе-теңдікті сақтау үшін мақсатында салынып тұрған жатақхана бұл. Спортзал, мәдениет орталығы бар. Ол жағын бізде барлығы да қарастырылған.

Қаражанбас кенішіндегі осымен 6 жатақхана болды. Әрқайсысы жұмысшының вахтадағы тұрмыстық қажеттілігін толық өтейді. Кәсіпорында озық қызметімен көзге түскен қызметкерді ұжым алдында марапаттау дәстүрге айналған. Тәуелсіздік күні алдында компания басшылығы бір топ адамға сый-құрмет көрсетті.

Дыбыстық қыстырма. Тәуелсіздік күніне орай мұнайшыларды мерекелік марапаттау.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Хабар 24 телеарнасы