420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағандыда Тәуелсіздік күні қарсаңында 57 адам марапатталды

  • 157
  • UPD: 23:28, 15.12.2020

Ерен еңбегімен ел құрметіне бөленіп жүрген қоғам қайраткерлері, ұстаздар, дәрігерлер, металлургтер мен кеншілерге мемлекеттік наградалар тапсырылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашты.

Еліміздің ең ұлық мерекесі қарсаңында Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек бірқатар азаматтарды қабылдап, марапаттады. Тәуелсіз мемлекетіміз аз жылда адам сенгісіз жетістікке жетті. Бір ғана Қарағанды облысында 29 жыл ішінде 7,5 миллион текше метр тұрғын үй, 380 бала-бақша, 60 мектеп, 273 мәдени ошақ, 67 спорт нысаны және 48 медицина мекемесі салынған. «Бұл – елдегі тұрақтылықтың жемісі», - деді аймақ басшысы.

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:

- Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында елімізде көптеген инфрақұрылымдық жобалар салынып жатыр, салынды да. Бұл шаралардың барлығы ең алдымен халықты жұмыспен қамтуға бағытталған. Біздің алдымызда осы жеткен табыстарымызды сақтап, оларды молайту міндеті тұр. Қазіргі уақытта өңірдегі әлеуметтік және экономикалық ахуалды сауықтыру басты назарда.

Тәуелсіздік жылдары жүзеге асқан мемлекеттік бағдарламалар мен реформалар ел экономикасындағы барлық саланың дамуына серпін берді. Оның бастауында нағыз еңбек адамдары тұр. Бұл күні оларға барынша құрмет көрсетіліп, 57 адам мемлекеттік наградаға ие болды.

Төрехан Майбас, «Еңбек даңқы» орденінің иегері:

- Мұндай награда шахтерлердің, болатшылар мен мысшылардың, құрылысшылардың еншісі еді. Бұл жолы біздің өнер адамдарына, мәдениет адамдарына, БАҚ саласының өкілдеріне, оның ішінде журналистерге бұйырып отыр. Соған бір жағынан қуанып қалдық. Бұл да қоғамдағы бір өзгерістің нышаны шығар.

Салтанатты кеште жергілікті өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, Арқа жұрты азаттықты жырлайтын рухты әндерге сусындап қайтты.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы