420,66 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Көкшетауда мереке қарсаңында балалар мен жасөспірімдер сарайы ашылды

  • 171
  • UPD: 23:12, 15.12.2020

Көкшетауда мереке қарсаңында «Bolashaq saraiy» атты балалар мен жасөспірімдер орталығы ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда 1200 бала қосымша білім ала алады. Олар үшін 75 үйірме жұмыс істейді. Негізгі бағыт – IT технология. Жаңадан ашылған нысанда Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиын өтіп, аймақтың сан саладағы үздіктері марапатталды.

Соңғы үлгіде салынған «Bolashaq saraiy» екі корпустан тұрады. Бірі баланы білім, екіншісі спорт жағынан дамытуға арналған. Бірінші ғимараттағы үйірмелер жұмысқа әлден кірісіп кетіпті.

Айта кету керек, мұндағы дәрістердің барлығы тегін.

Әсет Байжолов, «Bolashaq Saraiy» шығармашылық бөлімінің меңгерушісі:

- Оқушыларға робототехника қатты ұнап жатыр. Ал, студенттер жағы киберқауіпсіздік, биологиялық және экологиялық зертханаларға қызығушылық танытуда. Бірақ сабақтар әзірге онлайн форматта өткізіліп жатыр.

Балалар мен жасөспірімдер сарайының 700 орындық мәжіліс залы да бар. Міне, дәл осы жерде Тәуелсіздік мерекесі тойланды. Облыс әкімі Ермек Маржықпаев аймақта жыл бойы жасалған жұмыстарды саралап, еңбегімен еленген жандарды мемлекеттік наградалармен марапаттады. Ал, білікті мұғалім, бірнеше ғылыми еңбектердің авторы Айман Әбдірахманова кәсіби міндеттерін мінсіз атқарғаны үшін 2 млн теңгенің сертификатына ие болды.

Айман Әбдірахманова, Щучинск қаласы №11 IT-мектеп лицейінің мұғалімі:

- Бұл еңбектің арқасы. Бұл еңбекпен келген жеңіс деп білемін. Бұл жеңістің марапаты, өтемі бүгінгідей Тәуелсіздік күнінің, 16 желтоқсан мереке күніне орай келгеніне мен өте қуаныштымын. Тәуелсіздік жолында істеліп жатқан жұмыстарымыз бұдан да жоғарылай берсін.

Досжан Әміров, облыстық сот төрағасы:

- «Береке қайда барасың десе, ынтымақ пен бірлікке барамын», дейді. Сондықтан, міне, дамыған, бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу үшін сіздер боп, біздер боп, әлі де көптеген іс-шараларды атқаруымыз керек. Сондықтан тағы айтарым, мереке құтты болсын! Деніміз сау болсын!.

Жалпы аталған салтанатты жиында 65 ақмолалық түрлі марапатқа ие болды. Айта кетейік, бұл іс-шараға барлық аудандардың өкілдері де онлайн қатысуға мүмкіндік алды.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко

Хабар 24 телеарнасы