432,26 519.25 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Тәуелсіздік күнін Шымкент жұртшылығы да кеңінен атап өтіп жатыр

  • 271
  • UPD: 23:31, 15.12.2020

Ұлтымыздың ұлы мерекесі – Тәуелсіздік күнін Шымкент жұртшылығы да кеңінен атап өтіп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мереке қарсаңында ел дамуына үлес қосқан бірқатар белсенді азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды. Әлеуметтік нысандар ашылып, ел игілігіне берілді.

Ел Тәуелсіздігінің 29 жылдығы Шымкент тұрғындары үшін ерекше жетістіктермен есте қалады. Себебі осы уақыт аралығында халқы екі жарым есеге өсті. Ал қаланың өзі мегаполис мәртебесін алды. Қазір шаһар қарқынды даму үстінде. Жаңа шағынаудандар бой көтеріп, саябақтар мен мектептер, балабақшалар мен ауруханалар салынып жатыр.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- Тәуелсіздік жылдары Шымкент қаласы да дамып, жаңа деңгейге көтерілді. Қала аумағы 13 мың гектардан 116 мың гектарға дейін ұлғайды. Еліміз егемендік алған жылы Шымкентте халық саны 400 мың болса, бүгінгі күні 1 млн-нан асып кетті. Қала бюджеті 1991 жылы 1 млрд теңге болса, бүгінгі күні 455 млрд теңгеден асты.

Тәуелсіздік жылдары шаһар экономикасына 2,6 трлн-нан астам инвестиция тартылды. 6 млн 100 мың шаршы метр жаңа тұрғын үй пайдалануға берілді. Одан бөлек, ондаған әлеуметтік нысан бой көтерді. Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында қала әкімі Мұрат Әйтенов 1200 орындық жалпы орта мектеп пен бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын «Атамекен» медициналық орталығын және түсті металл мен арматура шығаратын өндіріс орнын онлайн форматта ашты.

Мерекелік іс-шарада Президент жарлығымен елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін шымкенттік 46 азамат мемлекеттік наградамен марапатталды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы