420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстаулық шекарашылар ұлық мерекені толағай табыстармен қарсы алды

  • 145
  • UPD: 08:52, 16.12.2020

Шегенделген шекара - тәуелсіздігіміздің кепілі. Осындай қанатты сөзді ту еткен маңғыстаулық шекарашылар ұлық мерекені толағай табыстармен қарсы алып отыр. Теңізден келетін қатерге қалқан - шекара флоты жыл сайын отандық үлгідегі су жаңа кемелермен толықса, құрлықтағы әскери бөлімдер геоақпараттық жүйемен жұмыс істеуге көшті. 

Шекарашылар бұрын қағаз карталарды пайдаланатын. Соңғы жылдары геоақпараттық жүйемен жұмыс істеуге көшті. Электронды картада жағалау күзеті аймақтық басқармаға қарасты әскери құрылымдар мен барлық түрдегі техниканың координаттары көрініп тұр. Яғни шекара бұзу дерегі тіркелген жағдайда сандық үлгідегі жүйе ұтқыр қарулы жасақтың жедел қимылдап, әуе мен құрлықтан және Каспийден келер қатердің бетін қайтаруына мүмкіндік береді.

Назар Рахимов, ҚР ҰҚК ШК Жағалау күзеті аймақтық басқарма штабының қызметкері:

- Мәселен, шекаралық бақылау бекеттерінің бірі теңіз бетінде күдікті су көлігін байқап қалды делік. Сол мезетте оның координатасы цифрлық геоақпараттық жүйеге енгізіледі. Электронды картада сол маңда жүрген барлық кемелер мен тікұшақтардың да координаталары көрініп тұрады. Яғни сандық үлгідегі карта штабтың тез шешім қабылдап, шекара бұзған қайықты ұстау үшін жасақ аттандыруға жұмсайтын уақытын үнемдейді.

Запастағы 1-ранг капитаны Мұхаммет Союнов Каспий теңізін ескі үлгідегі шекара кемесімен шарлаған сәттерін ұмытпайды. Ол 1999 жылға дейін еліміздің теңіз шекара дивизиясын басқарған бірінші командир болды. Ол кезеңде шетелден бұрын қолданыста болған әскери су көліктері сатып алынатын. Оларда жас теңізшілер шыңдалып, білікті офицерлерге айналды. 

Мұхаммет Союнов, запастағы бірінші ранг капитаны:

- Мұнда теңіз шекарасының тарихы басталды. Бүгін енді 20 жыл өткеннен кейін көрініп тұр қандай табыстарды көріп жатырмыз. Жаңа корабльдермен экипаждар жүріп жатыр теңізге. Қауіпсіздік бойынша барлық талаптар да орнына келді қазірде. Қорғаныс қауіпсіздігі жағынан бәрі де орнына келе береді деп ойлаймыз.

Тәуелсіздік жылдары шекара флотының құрамы толық жаңарды. Ескі кемелер Оралдағы зауытта құрастырылған жаңа корабльдермен ауыстырылды. Бүгінде жауынгерлік кемелер сапында мұз жарғыш буксирлер, жанар-жағармай тасығыш су көліктері де бар. Әрқайсысы Каспийдегі мұнай-газ өндіруші кешендерді қорғаудан бөлек табиғат қаскүнемдеріне де тойтарыс бере алады.

Авторлар: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы