419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорданың полиция департаментінде тәуелсіздік құрдастары қызмет етіп жүр

  • 103
  • UPD: 11:51, 16.12.2020

Биыл еліміздің егемендік алғанына 29 жыл. Дүние есігін 1991 жылы ашқан тәуелсіздік құрдастары келер жылы орда бұзар жасқа келеді. Яғни олар бүгінде тұлға ретінде қалыптасқан, жауапты қызметтердің тұтқасын ұстауға жарайтын толыққанды маманға айналды. Мәселен, елорданың полиция департаментінде тәуелсіздіктің 6 құрдасы еңбек етіп жүр. Бір қызығы, олардың барлығының да есімі Нұрсұлтан екен. 

Бас қаладағы қауіпсіздікті қадағалап, көшедегі тәртіпті бақылап жүрген тәуелсіздік құрдастарының бірі Нұрсұлтан Сейдалиев. Ата жолын қуып, полицияны таңдапты. Қазіргі шені аға лейтенант. Айтпақшы, ол қызмет атқаратын патруль полкінде 4 аттасы, алты замандасы бар екен.

Нұрсұлтан Сейдалиев, қалалық ПД Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы:

- Тәуелсіздіктің құрдасы болғандықтан, есімім Нұрсұлтан болғандықтан әріптестеріме үлгі болғым келеді. Қызмет атқару барысында бағыттама келгенде барлығын тиянақты орындауға тырысып жүрмін.

Кейіпкеріміз патрульдік полицияның полк инспекторы. Негізгі міндеті қоғамдық тәртіпті бақылауда ұстау. Айтуынша, соңғы айларда үйлердің ауласында ішімдік ішіп, өзгелердің мазасын алып, ұсталғандар көбейген көрінеді. Ал жедел іздестіру шаралары кезінде жолға шығады. «Сергек» орнатылғалы бері жылдамдықты асырғандар азайған. Есесіне өзге ережелер жиі бұзылады дейді ол.       

Нұрсұлтан Сейдалиев, қалалық ПД Патрульдік полиция полкінің қызмет инспекторы:

- Жүргізушілер көбінесе қауіпсіздік белдігін тақпау және ұялы телефонмен сөйлесу, міне осы бойынша көбіне ереже бұзады.

Нұрсұлтан үш баланың әкесі. Отбасының ұйытқысы бола білген азамат қызметте де беделді. Мұны оның әріптестері растап отыр. Әсіресе тәуелсіздікпен құрдас болуы оған қосымша жауапкершілік жүктейді.

Айбек Нартпаев, қалалық ПД патрульдік полиция полкі рота командирінің орынбасары:

- Нұрсұлтанды 2014-тен білемін. Ең біріншіден, ол тәртіпті. Мінезді қызметкер. Жұмысқа шыққан кезде ешқашан кешікпейді. Өзін тек жақсы жағынан көрсетіп жатыр.

Полиция департаментіндегі өзге де мамандардың Нұрсұлтан жайлы пікірі осыған ұқсас. Айтпақшы, бұл мекемеде онымен аттас 34 қызметкер бар екен.

Хабар 24 телеарнасы