420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аймақтардағы коронавируске қатысты жағдай құбылып тұр

  • 225
  • UPD: 09:42, 16.12.2020

Жамбыл облысында эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Алайда өңірде коронавирусты инфекцияны жұқтыру дерегінде өсім байқалады. Аймақта соңғы тәулікте 30 адамнан Ковид-19 анықталған. Ал 14 күнде ауырғандар саны 300-ге жуықтап отыр. Облыста алдағы мереке күндері қосымша шектеу шаралары қойылмайды. Қоғамдық көлік, азық-түлік, сауда-саттық орындары бұрынғы кесте бойынша жұмысын жалғастырады. Бірақ санитарлық талаптардың сақталуын 51 мобильді топ бақылауда ұстайтын болады.

Гауһар Макуетова, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің жетекші маманы:

- Жамбыл облысы жасыл аумақта тұрғандықтан алдағы келе жатқан мереке күндеріне ешқандай шектеу шаралары қойылмайды. Мереке күндерінде мобильді топтардың жұмыстары да күшейтіледі. Яғни қоғамдық тамақтану орындары, ресторан, кафелерді тексеру сонымен қатар жексенбі және мереке күндері жұмыс істеуге рұқсат берілмеген осы объектілерді тексеру мониторингтік топтардың жұмыстары күшейтіледі.  

Қостанайда карантиндік шектеу шаралары ішінара жеңілдетілді. Аймақта жабық спорттық нысандардың жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Тұрғындарға жексенбіден басқа күндері таңғы 8:00-ден кешкі 22:00-ге дейін жаттығу жасауға мүмкіндік беріліп отыр. Өңірде қоғамдық тамақтану орындарының жұмыс режимі түнгі сағат 23:00-ге дейін ұзартылды.

Ал Атыраудағы жағдай керісінше көңіл көншітпейді. Облыста соңғы тәулікте 39 адамның қауіпті індетке шалдыққаны белгілі болды. Жалпы соңғы екі аптада журу жұқтарғандардың саны артқан. Көбі Теңіз кенішіндегі жұмысшылар арасынан анықталып отыр. Әзірге облыста карантиндік тәртіп күшейтіле қойған жоқ. Десе де, 16-17 желтоқсан, мереке күндері базарлар мен ірі сауда нүктелерінің қызметіне тыйым салынады.

Амантай Жұмағалиев, облыстың бас санитарлық дәрігері:

- Біз қазір сары аймақта тұрмыз. Аурушаңдықтың көрсеткіші жоғары. Сондықтан бізде қатаң шектеу шаралары сақталады. Мысалы, үлкен сауда орындары сауда орталықтары, базарлар, олар мереке күндері, 16-17 күндері жұмыс жасауға болмайды. 18 жұма, 19 сенбі олар жұмыстарын істейді. Тек жексенбі күні жұмыс істемейді. Келесі аптаға санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп дайыналады.

Павлодар облысы коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша қызыл аймақтан жасыл аймаққа енуіне байланысты карантиндік шектеулер жеңілдетіліп жатыр. Аймақтағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Қазір тосқауыл бекеттері алынып тасталған. Қалааралық, ауданаралық жолаушылар тасымалы жанданады. Қоғамдық көліктеріне қатысты локдауын алынды. Мереке және демалыс күндері автобустар мен трамвайладың жұмысы тоқтатылмайды.

Ерғалы Асылбек, облыстық денсаулық сақтау басқармасы бөлім басшысының орынбасары:

- Бүгінгі күні инфекциялық ауруханалардың жүктемесі 31,9% құрайды. Стационарлық емдеуде 442 адам алып жатыр. Соның ішінде расталған коронавирустық жағдаймен 366 адам ем алып жатыр. Осы стационарлық емдеуде соның ішінде 11-і бала. Амбулаторлық деңгейге тоқталатын болсақ, 1500-ден астам адам амбулаторлық ем алып жатыр. Ақсу қаласында қарттар үйіндегі жағдайға тоқталатын болсақ, жалпы бүгінгі күні 84 адам медициналық бақылауда. Оның ішінде 20 қызметкер, 35-і қарт адам.

Қызылорда қаласында мереке күндері қоғамдық көліктер күнделікті кестеге сәйкес тұрғындарға қызмет көрсететін болады.  Карантинге қарамастан облыс орталығында онлайн форматта 29 ірі көлемді спорттық, мәдени, патриоттық шаралар өткізілмек. Оның ішінде онлайн мерекелік концерттер, жастар арасында патриоттық ән байқауын өткізу жоспарланған. Мереке кезінде санитарлық талаптарды 24 мобильді топ қадағалайды.

Бектас Нұридинов, қала әкімінің орынбасары:

- Апта сайын кем дегенде 10-15 санитарлық талаптарды бұзғандар анықталып жатыр. Яғни оның алдындағы мәліметтермен салыстырғанда азайғаны көрініп жатыр. Бірақ сонда да алдымыздағы мереке күндері ол отбасылық іс-шараларды көбеюі мүмкін. Сондықтан тиісті қала әкімінің тапсырмасына сәйкес қаладағы санитарлық талаптарын қатаң бақылау мақсатында мониторлық топ жұмысын күшейтілген режимде жұмыс жасайды.

Жалпы аймақтардағы ахуал құбылмалы болып тұр. Мереке күндері санитарлық талаптардың сақталуы қатаң қадағаланбақ.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы