423,42 511.30 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Орталық Азиядағы ең үлкен «Керуен сарай» Түркістанда салынып жатыр

  • 160
  • UPD: 15:54, 16.12.2020

Орталық Азиядағы ең үлкен «Керуен сарай» Түркістан қаласында салынып жатыр. Алып кешеннің ішінде Шығыс базары орналасады, одан бөлек кинотеатрлар, қонақүйлер мен мейрамханалар болады. Сонымен қатар облыс орталығында бұдан басқа да түрлі жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Карантинге байланысты Тәуелсіздік күні Түркістан облысында жаппай мереке мен үлкен концерттік бағдарламасыз қарапайым ғана аталып өтті. Басы артық шашылу мен ысырапқа жол берілмеді. Тек мереке қарсаңында қоғамның дамуына еңбегі сіңген 80 азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Тәуелсіздік жылдары Түркістан қаласының дамуына тың серпін берді. Алдымен 2000 жылы рухани шаһардың 1500 жылдығы кең ауқымда тойланды. Одан кейін 2018 жылы 19 маусымда Елбасының жарлығымен көне қалаға облыс орталығы мәртебесі берілді. Соңғы 2 жылда қала қатты өзгерді. Жаңа ықшамаудандар салынып, әкімшілік орталығы, мәдени-рухани және спорттық ғимараттар бой көтерді. Жақында ғана халықаралық әуежай іске қосылды.

Тельман Бейсен, қала тұрғыны:

- Мерекенің қарсаңында қасиетті Түркістан топырағына алғашқы ұшақ қонып жатыр. Мен сол ұшақпен Нұр-Сұлтан қаласынан ұшып келдім. Бұл мен үшін қайталанбас тарихи сәт. Өйткені қала көркейіп, дамып жатыр. Бұрын енді барып келу қиын болатын. Қазір тікелей рейс ашылды. Туристерге, сырттан келген қонақтарға, өзіміздің халыққа қызмет ететін болады әуежай.

Тағы бір теңдесіз жоба – «Керуен сарай» кешені. Аумағы 188 гектарды алып жатыр. Алып жоба Үндістан мен Иран базарлары сияқты, саябақтар мен фонтандары бар тұтас қала болады. Сондай-ақ кешен ішінде қайықпен жүзетін су арналары салынып, туристердің алаңсыз дем алуына барлық жағдай жасалады. Жоба құны 39 млрд теңге. Нысан келер жылы пайдалануға беріледі. Түркістан күн өткен сайын заманауи шаһарға айналып келеді. Ал Тәуелсіздік алған жылдары бірнеше ауданды басқарған Кенжехан Төлебаев ол кезді бүгінгі күнмен салыстыруға келмейтінін айтады.

Кенжехан Төлебаев, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ облыстық филиалы төрағасының орынбасары

- 1992 жылдан бері аудан басқарып, Мақтааралда әкім болып еңбек еттім. Ол кезеңдерді қазіргі заманмен салыстыруға болмайды. Ол кезде бюджет жетіспейді, зейнетақы, жалақы жоқ. Сондай кезеңдерде еңбек еттік. Ал енді мынау 2,5 жылдың көлемінде Түркістанның түлегенін көріп, таңғалудамыз. Енді 1-2 жылда Түркістанды танымайтындай жағдайға жетуі мүмкін.

Аймақта туризмді дамытуға 320 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Оған әуежай, қабылау орталығы, бес жұлдызды қонақ үйлер мен 30-дан астам түрлі тарихи-мәдени, әлеуметтік кешендер салынды. Қаланың бас жоспарына сәйкес, даму кезеңі 2050 жылға дейін есептелген. Негізгі деген нысандардың көбі алдағы бес жылдың ішінде салынып бітеді. Айта кетейік, алдағы наурыз айында Түркістанда күллі түркі әлемінің елдері бас қосатын саммит өткізу жоспарланып отыр. Бұл да Тәуелсіздіктің жемісі!

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы