Тәуелсіздіктің құрметіне Павлодарда қала көшелері Қазақстанның туымен безендірілді.
Облыс орталығында бүгін алтыншы күн қатарынан «Менің туым, менің отаным» іс-шарасы өтіп жатыр. Ұлттық рәміздеріміздің бірі: көк туды қала тұрғындары терезелеріне, балкон мен үй шатырларына ілген. Кең ауқымды акцияға бүгін волонтёрлер де үн қосты. Олар патриоттық флешмоб ұйымдастырып, үлкен туды сауда ойын-сауық орталығының қасбетіне ілді. Осылайша қала халқын Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, туған елге, Отанға деген сүйіспеншілік сезімдерін білдірді.
Светлана Гладышева, қала әкімінің орынбасары:
– Келесі жылды Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және «Қайырымды істер» марафоны деп атады. Біздің қаламыз жылдан-жылға көркейіп, гүлденіп келеді. Жаңа шағын аудандар бой көтеріп, мектеп, балабақшалар салынып жатыр. Қала тұрғындарының саны артып келеді. Келесі жылға дайындықты біз бүгінгі күннен бастаймыз. Мерейлі жыл мерекелік іс-шараларға бай болады деп ойлаймын.