426,73 523.00 5.95
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Б.Сағынтаев бастаған зиялы қауым Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды

  • 210
  • UPD: 18:18, 16.12.2020
Б.Сағынтаев бастаған зиялы қауым Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойды

Тәуелсіздік күні – ұлттың ең ұлық мерекесі. Бүгін Алматыдағы Тәуелсіздік монументіне қала әкімі Бақытжан Сағынтаев бастаған зиялы қауым, қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметкерлер мен шаһар тұрғындары гүл шоқтарын қойып, тағзым етті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ел еңсесін тіктеген, егеменді ел атанған күн қуанышты іс-шаралармен жалғасты. Қалада тұратын 372 отбасына жаңа пәтер кілттері табысталды. Мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үлестірілген үйлер көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетімдер мен бюджеттік сала қызметкерлеріне берілді. Жалпы жыл соңына дейін «Алматы жастары» бағдарламасы бойынша мыңға жуық пәтер беріледі деп жоспарланған.

Жаңылхан Есімханова, қала тұрғыны:

– Толқып тұрмын. Халқымыздың, еліміздің тәуелсіздігі мәңгілік болсын. Қазағымыз, жұртымыз аман болсын. Жаман індеттен тезірек құтылайық. Қуаныштымын.

Сонымен бірге бүгін қалалық жедел жәрдем қызметі су жаңа 50 автокөлікпен толықты. Барлық көлік алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге арналған заманауи аппараттармен, жүрек соғысы мен қан қысымын қадағалайтын құралдармен жабдықталған. Келесі жылдың басында тағы 50 көлік алу жоспарланып отыр деді қала әкімі.

Хабар 24 телеарнасы