420,66 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Рудный қаласында балабақша кезегі 20% қысқарды

  • 148
  • UPD: 21:37, 16.12.2020

Жаңа ғимараттың ашылуымен бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі шешімін тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік нысан Тәуелсіздік күніне орай қолданысқа берілді.

310 орынға шақталған бұл балабақша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынды. Бос тұрған ғимаратты жергілікті кәсіпкер қалпына келтіріп, материалдық базасын жабдықтады. Енді мұнда 56 адам еңбек етеді. Мектепке дейінгі мекемеде орыс және қазақ топтары бар.

Ырысты Иманқұлқызы, Рудный қаласының тұрғыны:

– Менің балам 5 жаста. Бұрын орыс тілді балабақшасына баратынбыз. Қазір қазақ тобына аудармақшымын. Өйткені болашақта қазақ мектебіне барамыз. Осы балабақша тәрбиешілерімен жақсы жұмыс жасап, үлкен нәтижелерге жетеміз деген ойдамын.

Мұнда балалардың білімін жетілдіріп, зияткерлік қабілеттерін арттыратын жабдықтар түгел бар. Жас тәрбиеші Дарина Маюсупова еңбек жолын осындай керемет ғимаратта бастайтынына қуанышты. 

Дарина Маюсупова, «Жас бөбек» балабақшасының тәрбиешісі:

– Өзім ата-ана ретінде де қуаныштымын. Мұнда балалардың алаңсыз ойнауына, ой-өрісін дамытуға, айналаны танып-білуіне барлық жағдай жасалған.

Мемлекеттік білім тапсырысы шеңберінде жаңа балабақшада 265 бала орналасады. Осылайша кеншілер шаһарындағы кезек саны 20 процентке қысқарады.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

– Ата-аналарға тиімді. Айына 12 мың теңге төлейді. Ол 12 мың тек балаларды тамақтандыруға жұмсалады. Қалған шығындарды жергілікті атқарушы билік өздері өтейді.  

Болашақта облыс орталығында тағы бес балабақша салынып, бұрынғы ғимараттар қалпына келтіріледі. Сонымен бірге Жітіқара және Науырзым аудандарында да мектепке дейінгі білім беру мекемесі бой көтермек.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы