421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да мұқтаж отбасылар баспаналы болды

  • 141
  • UPD: 21:23, 16.12.2020

Шығыс Қазақстан облысы Абай ауданында Тәуелсіздік мерекесінің құрметіне жаңа баспаналар халық игілігіне берілді.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған тұрғын үйлерге 16 отбасы кірді. Олардың ішінде көпбалалы, аз қамтылған отбасылар, жетімдер, бюджеттік мекеме қызметкерлері бар. Жыл соңына дейін тағы 10 пәтер салынып бітуі тиіс, сонымен биыл 47 отбасы баспаналы болады. Келесі жылы да бағдарлама жалғасын тауып, ауданда 100 пәтер тапсыру көзделген.

Абай ауданының орталығы Қарауылда биыл тұрғын үй құрылысы қарқынды жүрді. Жаңа баспаналар шоғырланған аумаққа «Тәуелсіздік шағынауданы» деген ат беріліп отыр. Осыдан бір ай бұрын ғана 6 пәтер кілті мұқтаж отбасыларға табысталса, бүгін міне, тағы қуаныш! Жаңа қонысқа ие болып қуанып жатқандардың бірі – көпбалалы Айсұлу және Еркебұлан Мәкеновтар отбасы. Бүгінгі қуаныштарына ортақтаса келген аналары да ақ тілегін жаудырып жатыр.

Гүлғайша Тайжанова, еңбек ардагері:

– Мен қой бағып, қара жұмыс істеп өскен адаммын. Мәскеуге барып, 8-съезге делегат болып келгенмін, батыр анамын. Менің жолымды балаларыма беріп жатыр. Енді мен сияқты алтын алқа алсын. Тәуелсіздік күні қайырлы, құтты болсын!

Ал Мөлдір Ахметова болса 13 жасында ата-анасынан айырылыпты. Нағашыларының қолында өскен ол бүгінде 5 баланың анасы. Жаңа баспанаға қол жеткізіп, бала-шағасымен Тәуелсіздік мерекесін ерекше тойлап отыр.

Мөлдір Ахметова, көпбалалы ана:

– Ауыл болса да жалдамалы үйде тұрып, бала-шағамен көшіп тұру бізге оңай соқпады. Бүгін бізде үйімізде қуаныш, мереке құтты болсын! Бізге үй салып беріп, осылай жағдайымызды жасап беріп жатқанына мың да бір рақмет айтамын.

Жарқынбек Байсабыров, Абай ауданының әкімі:

– 100 пәтер көпбалалы отбасыларды қамтамасыз етуге жоспарлап отырмыз. Оған қазіргі уақытта барлық іс-шарттар жасалынды. Жобалық-сметалық құжаттамалар, яғни электр желісіне, су құбырына және де жолға облыстық бюджетке қазіргі уақытта тапсырыс жасалды. 165 мұқтаж отбасы бар, сонда биылғы 47 мен келесі жылғы 100-ді қосатын болсақ, ендігі жылы біз 80 процент тұрғын үйге мұқтаж адамдарды қамтамасыз етеміз деген жоспар бар.

Биыл 47 отбасын баспанамен қамтуға облыстық бюджеттен 460 миллион теңге бөлініпті. Жаңа тұрғын үйлер ауыл шетінде орналасқандықтан, аулада мал ұстап, бау-бақша салуға да мүмкіндік бар. Ал аудан әкімдігі алдағы уақытта осы бағытқа автобус бағытын шығаруды жоспарлап отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы