420,18 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аралда оқушылар үйі мен амбулатория ашылды

  • 266
  • UPD: 21:00, 16.12.2020

Азаттықтың ақ таңы атқан айтулы күні Аралдың өнерлі өрендеріне тарту жасалды.

Ауданда 250 орындық жаңа оқушылар үйінің есігі айқара ашылып, балалар үйірмелерімен қайта қауышты. Сонымен қатар бұйра құм жалды жағалай қоныстанған Шижаға ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында бой көтерген нысан құрылысына 126 миллион теңге жұмсалған.

Ұлттық аспапты меңгеруді 5 жыл бұрын бастаған Сағадат Көшекбаев сапалы музыкалық аппаратура құрылған үлкен әрі жарық сахнада өнер көрсетуді армандап келді. 80 жыл бұрын салынған ескі ғимаратта ондай мүмкіндіктер мүлдем жоқ болатын. Енді міне, қиялына қанат біткен жас өнерпаздың жаңа оқушылар үйінде шабыты ерекше ашыла түскендей. Ықылымнан сыр шерткен қазақ күйінің күмбірі тыңдаушыларды елітіп, әуезді үн жазиралы дала төскейіне жетектеп барады.  

Сағадат Көшекбаев, жас күйші:

– Ескі оқушылар үйіне қатысқанда іші тар, салқын болды. Ал мына оқушылар үйінің іші өте кең, жылы, сапасы да жақсы. Жаңа технология, жаңа домбыра, өте әдемі. Қазанғап пен Дина Нұрпейісованың күйлерін әлі де дұрыс білмеймін. Соны жетілдіруге барынша тырысып қатысып жүрмін. Болашақта өз өнерімізді дамытуға үлес қосамын.

Гүлбақыт Іздібай, «Жас математик» үйірмесінің мүшесі:

– Мен оқушылар үйіндегі жас математиктер үйірмесіне қатысқаныма 3 жылдай болды. Тек сол 1-2 үйірмеден ғана емес, түрлі шараларға қатысып, білімдерімізді жан-жақты дамытып жатырмыз. Осыдан біздің тәуелсіз, егеменді елдің ұрпағы екенімізді білуімізге болады.

Жарқын жетістіктер паш етілетін мерекеде Шижаға ауылында жаңа амбулатория дәрігерлері алғашқы келушілерін қабылдады. Елді мекен тұрғындары 30 жылдай күткен мекеме қан-несеп талдау зертханасы, буын ауруларын емдеу және өкпені жасанды желдету құрылғыларымен қамтылған.

Ізбас Жанбекеев, Шижаға ауылының тұрғыны:

– Бұрынғы уақыттарда облысқа, қалаға барып, қанша уақытымыз кетіп сонда емделетінбіз. Қазір әр кабинетте әрқайсысының жұмыс істейтін орнында аппараттар келіп жатыр. Бүгін бас дәрігерге бардым, ем-дом жасап жатыр. Суымыз бар, жарық бар әр көшеде, клуб салулы. Енді адам жақсылыққа тойған ба? Газ келе жатыр деп халықты қуантып жатыр. 

Типтік жобадағы нысанның 20 маманы Шижағамен қатар Сазды және Күршек ауылдарындағы 3 мыңдай тұрғынға медициналық қызмет көрсетеді. 

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы