425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда маңындағы ауыл тұрғындары кірпіш аламыз деп сан соқты

  • 369
  • UPD: 13:27, 17.12.2020

Елорда маңындағы Жібек жолы ауылының тұрғындары кірпіш аламыз деп сан соғып қалды.

Жазда 20-дан аса адам зауытқа келіп, 4,5 млн теңгесін қалдырып кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ уәделі тауарды көрмегелі жарты жылға жуықтады. Зардап шегушілер сотқа жүгінгенімен, әзір қайыр болмай тұр.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Сәлима Таубалдиева төрт баланың анасы. Тұрып жатқан баспанасын кеңейту үшін кірпіш алмақ болады. 140 мың теңгені Жібек жолы ауылындағы зауыттың қызметкеріне қалдырады. Жарты жылға жуықтады, келісілген тауарын әлі алған жоқ.

Сәлима Таубалдиева, зардап шегуші:

- Жігіттің алаяқтығына алданып қалдық. «Әкелемін» деді кірпішті. Келмеді. Зауыттың алдына барғанда «ол кісі бірнеше адамды алдады, сіздер соның қатарындасыздар, алдандыңыздар. Ол онлайн казиноға салып жіберді ақшаны, қашуда», деді. Жағдайым осы, үй бітпеген.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Ержан Қожасбаевтың Жалтыркөл ауылында жеке фермасы бар. Иелігіне қажет құрылысты бастау үшін шаруа дәл осы жігітке жүгінген. Оның қолына 1,5 млн теңге ұстатады. Бірақ кірпіш жоқ. Бірнеше ай күтіп зарыққан азамат арызын арқалап, сотқа жүгінеді.

Ержан Қожасбаев, зардап шегуші:

- Біз бармағанша, прокуратура бармағанша тергеушілер бізді шақырмады. Бірінші рет сотқа бардық, «жиналмадың» деп қайтарды. Енді онлайн болады деп жатыр. Бүкіл адамдардың арызын қалай тыңдап алады? Сондықтан соттың әділ шешілетініне біз күмәнданып тұрмыз. Иә, ол бала отырады өзі үшін. Бірақ біздің ақшамызды кім қайтарып береді?

Ержан мен Сәлима ғана емес, олардың 20-дан аса жерлесі де дәл осылай опық жеген. Барлығы жергілікті зауытқа 4,5 млн теңге қалдырған. Сөйтсе, келісімді жүргізген Дәурен есімді азамат бастығына тапсырыс хақында хабарламаған-мыс.

Яғни күзетші жұмысы тоқтап тұрған ғимаратта өндірілмеген кірпішті сатпақ болған. Әр клиентте мекеменің мөрі қойылған жөнелтпе құжат бар. Тек сатып алушылардың қолына ақша төленгені жайлы түбіртек берілмепті. Тараптар Аршалы аудандық прокуратура ғимаратында кездесті. «Халық ауаға кеткен қаржысын кәсіпорын басшысы қайтаруы тиіс», дейді. Кәсіпкердің пікірі басқа.

Манас Асайынов, кәсіпорын басшысы:

- Мен неге беру керекпін? Ол менің зауытымды пайдаланып кетті. Ержан: «сен жеке кәсіпкерсің сенің ақшаң бар, сен төле, сенің жұмыскерің» деп айтады. Мен айттым, мен төлемеймін. Өйткені мен де сіздер сияқты зардап шеккен адаммын. Мен сіздерден ақша алған жоқпын. Мен сіздердің қолдарыңнан ақша алған жоқпын

Кәсіпкер мекеме мөрін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін айыпталушыға қарсы арыз жазбақшы. «Қасықтап жинаған абыройымнан қас-қағым сәтте айырылдым» деген ол қызметкерінің заң жүзінде жауап беруін қалайды. Сапалы өнімді базардан емес, зауыттан іздеген халықтың да өкпесі қара қазандай.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Елорда іргесінде тұрған Жібек жолы ауылындағы үйлердің дені бір кірпіштен салынған. Жергілікті өнім көпшіліктің көңілінен шығатын. Қыстың қамын жаз ойлаған қарапайым халық бар ақшасын беріп қойған. Алайда кірпіш зауыты қызметкерінің сан соқтырар әрекеті болмағанда дәл мынадай үйлерде қазір тіршілік қайнап жатар еді.

Ісі Аршалы аудандық сотына жіберілген азамат бар кінәні мойнына алып отыр. Нақты шешім шыққанша процестің жайын біле алмаймыз. Ал заңгердің пікірінше, сот халықтың мүддесін ескерусіз қалдырмауы тиіс.

Айсана Сман, заңгер:

- Бұл жерде екі мәселе болып тұр ғой. Ақшаны қайтару. Ол азаматтық-құқықтық жолмен шешіледі. Егер бұл жерде алаяқтық дәлелденсе, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл екі жол. Қылмыстық жауапкершілікке тартылған кезде де. Сол істі қарағанда шығынды қайтаруға сот барлық жағдайды жасайды.

Жаз бойы зауытта тауарды жарнамалаған баннер ілулі тұрған. Іс насырға шапқалы оны алып тастаған көрінеді. Бірі үй, енді бірі қора салам деп үміттенгеннің дені көп балалы ана, зейнеткер, мүгедек азаматтар. Олардың тауы шағылмауына кім кепіл? Оны сот шешеді.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ерлан Наурызбаев, Марат Дихамбаев

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы