426,94 518.00 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында Тәуелсіздік күнінде 140 сәби дүниеге келді

  • 268
Алматы облысында Тәуелсіздік күнінде 140 сәби дүниеге келді

Алматы облысында бүгін туған сәбилерге ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы логотипі жазылған орама көрпе берілді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәл осы айтулы күні облыста барлығы дүниеге 140 сәби келді. Оның 10-ы Талдықорған қаласында туған.

«Жаңа туылған нәрестелердің ең көбі Қарасай және Іле аудандарында тіркеледі деп күтілуде. Жоспар бойынша айы-күні жетіп отырған аналар 30 және 25 жас аралығындағылар. Жыл сайын өңірде бала туу көрсеткіші артып келеді. Жалпы жылына 50 мыңға жуық сәби дүние есігін ашады», – дейді облыстық перинаталдық орталық басшысы Қанат Жұмашев.

Осындай бақытты күні Ескелді ауданында 3, Кербұлақ ауданында 4, Сарқан ауданында 10 әйел тура 16 желтоқсан күні ана атанып отыр. Олардың сөзінше, бұл – жай сәйкестік емес, отбасылар үшін маңызы зор қуаныш. Енді олар қос мерекені қатар тойлайтын болады.

«Тәуелсіздік күн жыл сайын біздің шаңырақ үшін қастерлі мереке саналатын. Бүгіннен бастап тағы қуанышымыз еселеніп жатыр. Қатарымыз толығуда. Барлық қазақстандықтарды мерекемен құттықтаймын. Осындай алаңсыз күндеріміз көп болсын. Осы ретте облыс басшылығына алғыс білдіргім келеді. Өңірдегі демографияға көп көңіл бөліп, қолдау танытып жағдайымызды жасап беріп жатқан. Ақ халаттыларға да рахмет!», – деп бөлісті жас ана Ақбота Солтанбек.

Ал Сарқандық көпбалалы ана Назгүл Ерғалива осы күні жетінші сәбиін босанды. «Күтпеген жағдай болды. Тұптура 16 күні босанамын деп ойламаппын. Өзім осы орталыққа порталмен келгем. Айы-күнім жетіп, осы мейрамға бұйыртыпты. Қуанышымда шек жоқ. Шүкір, қазір 4 қыз, екі ұлым бар. Әкесі де, бауырлары да қатты қуанды. Енді біздің отбасы қос мерекені бірге атап өтетін болады», – деп бөлісті жас ана.

Жалпы жыл басынан Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталықта 6050-ден аса сәби дүниеге келген. Орталық директорының айтуынша, биылғы жылы бала туу көрсеткіші жоғары. Өткен жылдың 12 айында 6600 ана босанса, жыл соңына дейін 7000-ға жетеді деп күтіліп отыр.

 

Хабар 24 телеарнасы