418,41 511.30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-ның Дружба ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды

  • 96
  • UPD: 10:36, 17.12.2020

Солтүстік Қазақстан облысы Дружба ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Медициналық көмек көрсету орнын осындағы кәсіпкер Николай Усенков салып берді. Шалғайдағы елді мекенді тағы қандай өзгерістер күтіп тұр?

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Дружба ауылының бұрынғы медициналық пункті тым ескі еді. Дәрігер тұрғындарды қамыстан салынған үйде қарайтын. Биыл жергілікті кәсіпкер Николай Усенков 15 млн теңге бөліп, жаңасын салып берді.

Николай Усенков, кәсіпкер:

- Мен адамдардың «рахмет» деген бір ауыз сөзінен ләззәт аламын. Одан артық ештеңенің керегі жоқ. Оның үстіне өзім де осында тұрамын. Біреуден көмек күткенше әркім өзінен бастасын. Мемлекет онсыз да қолдап жатыр.

Биыл Дружба ауылының клубы жөнделіп, жаттығу залы ашылды. Енді тұрғындар салауатты өмір салтын ұстанып, кешқұрым осында жиналады. Жоба құны – 11 млн. теңге.

Никита Елсуков, Дружба ауылының тұрғыны:

- Үйдің шаруасы бір басқа. Ал мұнда толыққанды жаттығасың. Маған ұнайды. Құрылғылар қойылған. Жақсы ғой...

Дружба – шағын ғана ауыл. Бірақ болашағы зор. Биыл мемлекет есебінен елді мекеннің жолы жөнделіп, су құбыры салынды. Әзірге 10 отбасы үйіне тартқызып алған.

Қанат Иманжанов, Интернационал ауылдық округінің әкімі:

- Жергілікті билік өкілдері кәсіпкерлердің бастамасын қолдап «Толық ауыл» жобасын қолға алды. Келесі жылы мемлекет есебінен су мұнарасы салынады. Ауылішілік жолдар асфальтталады. Спорт және балалар алаңы тұрғызылады.

Ендігі міндет – халық санын ұлғайту. Келесі жылы елді мекенде оңтүстіктен көшіп келетін отбасылар үшін 10 үй салынады. Мектеп те жаңармақ.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Келер жылы Дружба ауылындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтеді. Ол үшін 118 млн теңге қарастырылып қойған. Оған оқу ордасының қасбеті қалпына келтіріліп, шатыры мен терезелері ауыстырылады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы