430,39 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сайрам ауданындағы елді мекендерде ауыз су мәселесі толық шешілген

  • 218
  • UPD: 15:55, 17.12.2020

Түркістан облысының Сайрам ауданындағы елді мекендер толықтай орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы облыстағы елді мекендердің 90%-і таза тіршілік нәрімен қамтылған. Таза судан әбден тарыққан 200 мың тұрғынның қуанышында шек жоқ.

Бұған дейін 216 мыңнан аса халқы, 42 елді мекені бар Сайрам ауданы үшін ауыз су мәселесі өзекті болатын. Аудандағы тіршілік нәрі тартылмаған ең соңғы ауыл орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылды. Бүгінге дейін таза суды тасып ішкен ауыл тұрғындарының қуанышында шек жоқ.

Нұрманәлі Тайлыбаев, Қызылжар ауылының тұрғыны:

- Таза су келіп, бәріміз таза су ішіп отырған жағдайымыз бар. Бұған дейін піспе құдықтан іштік, өзеннен тасып іштік. Әйтеуір амалдап, күн көріп келдік. Қазір малымыз да тоқ, шалымыз да тоқ, талымыз да тоқ. Рахметтен басқа айтар ештеңеміз жоқ.

Еліміз тәуелсіздік алған 1991 жылы Сайрам ауданында 72 елді мекен болған. Сол кездегі мәлімет бойынша аудан халқының тек 43%-і ғана орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды. Кейін Шымкент қаласы аумағының кеңеюіне байланысты 30 елді мекен үшінші мегаполистің құрамына өтті. Биыл аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында 4 елді мекеннің тозығы жеткен ауыз су жүйелері ауыстырылды. Нәтижесінде облыс бойынша ауызсу мәселесі толық шешілген алғашқы аудан атанды.

Ұласбек Сәдібеков, Сайрам ауданының әкімі:

- Сапалы ауыз сумен қамту мақсатында 212,5 млн теңгеге құдық суын пайдаланып отырған Қызылжар ауылына ауыз су құбыры салынды. 74,4 млн теңгеге Ақсукент Оразалиев, Манкент, Қожақорған ауылдарында тозығы жеткен ауыз су жүйелері орташа жөндеуден өткізілді. Нәтижесіндегі Сайрам ауданындағы 42 елді мекеннің барлығы 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылды деп айта аламыз.

Еліміз алғаш тәуелсіздік алған жылдары бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында 929 елді мекен болса, соның тек 189-ы ғана таза ауыз суға қол жеткізген. Ал тәуелсіздіктің арқасында бүгінде Түркістан облысындағы 843 елді мекеннің 678-і орталықтандырылған ауыз су жүйесімен қамтылды. Бұл қала тұрғындарының 98%, ал ауыл халқының 91%-ін құрайды. 2023 жылы облыс тұрғындарын 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы

Хабар 24 телеарнасы