421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Семейде Тәуелсіздік күні 126 отбасы баспаналы болды

  • 281
  • UPD: 15:53, 17.12.2020

Тұрғын үйлер мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жаңадан пайда болған Қарағайлы деген шағын ауданда салынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жалпы шаһарда биыл 200 мың шаршы метрге жуық баспана халық игілігіне беріліпті. «Бұрын-соңды мұндай қарқынды құрылыс болған емес», - дейді мамандар.

Тәуелсіздік мерекесі 126 семейлік отбасы үшін ерекше есте қалды. Көп жылдардан бері баспана кезегіндегі тұрғындар баспаналы болсам деген армандарына қол жеткізіп отыр. Ақбота Қанашева қала мектептерінің бірінде мұғалім болып еңбек етеді. Жолдасы және екі баласымен бұған дейін туыстарының үйінде тұрып келіпті.

Ақбота Қанашева, қала тұрғыны:

- Бұған дейін ата-аналарымызбен қыстырылысып тұрып келген едік. Енді өз отауымыз бар. Екі бөлмелі пәтерге қол жеткізіп, қуанып отырмыз. Бөлмелері кең, жарық, ұнады. Жақында көшіп келеміз.

Қарағайлы шағынауданы қаланың іргесінде орналасқан жаңа мекен. Мұнда жаңа мектеп, балабақша, спорттық мәдени кешен сияқты әлеуметтік нысандар бой көтерген. Сондықтан жаңа баспана алған тұрғындар үшін тұрмысқа қолайлы жағдай жан-жақты жасалып, көркейіп келеді.

Ермак Сәлімов, қала әкімі:

- Биыл 194 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілді. Бұрын-соңды Семейде мұндай қарқынды құрылыс болған емес. Негізінен жаңа үйлер осы Қарағайлы шағынауданында бой көтеріп жатыр. Жолдар салынып, әлеуметтік нысандар да көбейіп келеді. Келесі жылы бұл жерде мұз сарайы салынады. Оған барлық құжаттар дайын.

Болашақта да баспанамен қамту мәселесі назардан тыс қалмайды. Ол үшін көп қабатты тұрғын үйлерден бөлек, мемлекеттік бағдарлама шеңберінде жер үйлер салу да көзделіп отыр. «Ұшақтар» және «Ақсай» шағынаудандарында 220 отбасын баспанамен қамту жоспарланған. Қазірдің өзінде инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелер тартылып қойыпты.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы