420,29 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да қызмет барысында қаза тапқан полицейлердің рухына құрмет көрсетілді

  • 108
  • UPD: 15:57, 17.12.2020

Қазақстан полициясының тынымсыз еңбегі тек ел тыныштығы мен қауіпісіздігіне арналған.

Шығыс Қазақстан облысында Тәуелсіздік күні мерекесіне орай қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапқан полицейлердің рухына құрмет көрсетілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені олардың жанкешті жұмысы мен өз антына адалдығы бүгінгі жас мамандарға үлгі өнеге болуы тиіс.

Төрткүл дүниеге тамыр жайған коронавирус инфекциясы талай жанның өміріне балта шапқаны рас. Солардың арасында Өскемен қалалық полиция басқармасының бастығы болған Дәуір Ибраев та бар. Індетті өршітпеу үшін Дәуір Болатұлы өз әріптестерімен бірге тыным таппай еңбек етті. Алайда бес ай бұрын жұқпалы дерттің кеселінен апталдай азамат көз жұмды. Оның құрметіне орай өзі қызмет еткен басқармаға мемориалды тақта орнатылды.

Үміт Ибраева, марқұм Д.Ибраевтың анасы:

- Ол демалыс, мереке дегенді білмейтін. Қашан болсын үнемі қызметте жүретін еді. Мен ұлымның барлық әріптестерін Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Осылай еске алып,құрмет көрсетіліп жатқанына разымын.

Қыршынан қиылған полиция полковнигінің біліктілігі мен кәсіби шеберлігі кейінгі ұрпағына және жас мамандарға үлгі өнеге болмақ.

Нұрлыбек Үдербаев, Ішкі істер органдары Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Артына қалған бала-шағасына, жанұясына денсаулық беріп, ұзақ ғұмыр берсін деп тілейміз, Дәуір шықпаған шыңына, істей алмаған істеріне балалары жетеді деп сенім білдіреміз.

Облыстық полиция департаментінің ұжымы осыдан 20 жыл бұрын мерт болған Риддердегі әріптестері Талғат Кітапбаевтың отбасына да болды. Осылайша, қанша уақыт өтсе де, марқұм есімі ұмытылмайтынын айтып, туғандарына ыстық ықыластарын жеткізді. Жалпы ел егемендігін алғалы бері облыста 46 полиция қызметкері өз міндеттеттерін атқару барысында көз жұмыпты.Олардың барлығы да құрметке лайық.

Тәуелсіздік мерекесіне орай қатардағы тәртіп сақшыларының еңбегі де ескерілді. Облыста жалпы 3 мыңнан астам полиция қызметкері марапатқа ие болды.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы