420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысының азаматтарына мемлекеттік наградалар тапсырылды

  • 119
  • UPD: 19:57, 17.12.2020

Қостанайда Президент Жарлығымен еңбек ардагерлері, жұмысшылар, қоғам қайраткерлері және ауыл шаруашылығының өкілдері ұлықталды. Мемлекет басшысының атынан марапатты облыс әкімі табыс етті. Бұл қажырлы еңбектің нәтижесі мен ел игілігі жолындағы қостанайлықтарға берілген жоғары баға. Сонымен қатар аймақтың дамуына сүбелі үлес қосқан бес тұрғын облыстың Құрметті азаматы атанды.

Қажырлы еңбекпен мемлекетіміздің қалыптасуына, облыстың нығаюына елеулі үлес қосқан түрлі саланың өкілдері осы залға жиналды. Аса қиынға соққан жылға қарамастан аймақ экономикалық өсімге қол жеткізді. Биыл баспана құрылысы 13 процентке ұлғайды. Салаға 30 млрд теңге бағытталды. Бизнес пен жол жөндеу жұмыстарындағы жетістіктер де ұшан теңіз.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

– Мәселен, биыл бір ғана «Бизнестің жол картасы» бойынша 5,7 млрд теңге бөлініп, 400-ге жуық жоба қолдау тапты. Ал жол жөндеу жұмыстарына бөлінген қаражат өткен жылмен салыстырғанда екі есе артып, 68 млрд теңгені құрады. Сол арқылы біз 775 шақырым жолды жөндедік.

Салтанатты шарада Қостанай облысының жаңа құрметті азаматтарының есімдері жарияланды. Мұндай атаққа Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Қасымхан Алдабергенов, ауыл шаруашылығының өкілдері Зейнолла Жаңбыршынов пен Максим Артемук, ақын Ақылбек Шаяхмет және Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері Бағила Баймағамбетова ие болды.

Бағила Баймағамбетова, Қостанай облысының  құрметті азаматы:

– Мен де орден де бар, медальдар да бар, атақтар да бар, шетелдің атақтары да бар. Бірақ бүгінгі осы Қостанай облысының құрметті азаматын бергеніне мен өте қуаныштымын. Мәслихатқа, баршаңызға қолдағаныңыз үшін мың да бір рақмет.

Туған ауылын көркейтіп, әлеуметтік саланы мығым ұстап отырған азаматтар қашан да құрметке лайық. Солардың бірі Николай Шерер. Ол «Парасат» орденімен марапатталды. 

Николай Шерер, «Парасат» орденінің иегері:

- Мен үшін бұл үлкен мәртебе. Ел экономикасының басты тірегі ауыл шаруашылығы болса, сол салада ерінбей еңбек етуге қашан да дайынбыз.

Мемлекет басшысынң Жарлығымен 48 қостанайлық мемлекеттік наградаға ие болды.

Авторлар: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы