421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атыраулықтарға қалаған автонөмірді жедел алуға мүмкіндік туды

  • 119
  • UPD: 09:41, 18.12.2020

Атыраулықтар темір тұлпарларына қалаған нөмірін алу үшін  көп уақыт жұмсамайды.

Мұнайлы астанада мемлекеттік тіркеу нөмірін шығаратын құрылғы іске қосылды. Бұған дейін сарылып жүріп күтетін көлік нөмірін енді 2-3 күн ішінде алуға болады екен.

Көлігіне қалаған нөмірін алып, қуанышы қойнына сыймай тұрған Вагиз Шакупов темір тұлпарын тіркеуге қойып, мемлекеттік нөмір алуға ниеттенген. Осыдан үш күн бұрын керекті құжаттарын дайындап, төлем жасапты. Бұған дейін сабылып жүріп, сарылып күтетін нөмірінің жедел жеткеніне қуанышты.

Вагиз Шакупов, қала тұрғыны:

– 2-3 күн бұрын көлігіме нөмір алайын деп, құжаттарымды тапсырып, ақшасын төлеп кетіп едім. Бүгін міне, нөмірді алып тұрмын. Өзің қалаған нөміріңді ала аласың. Осы жерден басып шығарып жатыр дейді аппаратпен. Осыдан 1-2 ай бұрын інім алып еді, ол 20 күндей күтіп қалды. Қазір уақыт үнемдеуге қолайлы деп есептеймін.

Енді темір тұлпар иелері алтын уақытын айтарлықтай үнемдей алады. Қазір мұнайлы астана – мемлекеттік тіркеу нөмірін өзі басып шығаратын Елорда мен Алматыдан кейінгі үшінші қала.

Индира Жүсіпқалиева, қалалық мамандандырылған ХҚКО басшысы:

– Мемлекеттік тіркеу нөмірлерін шығаратын аппарат іске қосылып, қазіргі таңда мемлекеттік тіркеу белгілері өзіміздің Атырау өңірінен шығып жатыр. Бұрын тіркеу нөмірін 15 жұмыс күнінде алатын болса, қазіргі уақытта 2-3 күнде алынып жатыр.

Қазір орталықтан күніне 400-500 мемлекеттік нөмір басылып шығады. Жыл басынан бері мұнайлы өңірде көліктерді тіркеп, мемлекеттік нөмір алу бойынша 80 мыңға жуық қызмет көрсетілген.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы