420,18 511.30 5.71
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысында ауыл тұрғындары салған мектеп пайдалануға берілді

  • 131
  • UPD: 09:21, 18.12.2020

Алматы облысы Сарқан ауданының Кәкімжан Қазыбаев атындағы ауыл тұрғындары өз күшімен бастауыш мектеп салып алды.

Білім ордасының бой көтеруіне елді мекеннен ертеректе көшіп кеткендер де қолдау білдірген. Ел жұрттан жиналған он млн теңгеден аса қаржыға тұрғызылған 50 орындық мектеп Тәуелсіздік мейрамында пайдалануға берілді. 

Кәкімжан Қазыбаев ауылындағы бастауыш сыныптың оқушылары осыған дейін бұрыңғы ауыл кеңсесінде білім алып келді. 1975 жылы салынған ғимараттың әбден тозығы жеткен. Едені сықырлап, терезесінен жел гулейді. Сыныптары да жеке пешпен жылытылады. Осы жағдайға байланысты балаларды көрші ауылға апарып оқыту мәселесі туындаған. Сол кезде Тоқтарбек Төлепбеков қария ауылдастарына ұсыныс жасап, мектеп салу туралы бастама көтеріпті.  

Тоқтарбек Төлепбеков, ауыл тұрғыны:

– Балаларды қалай Бақалыға сандалтамыз. Автобус әрбір баланы екі үш сабақ сайын әкеп тұрмайды. Олар ана жақта тоңады. Жағдайы болмайды деп ұсыныс тастағаным рас. Сол жерде отырған азаматтар қолдады.

Ақсақалдың ұйымдастыруымен қолға алынған құрылыс жұмыстарына ауыл тұрғындары шама шарқынша атсалысқан. Бірі тас пен құмын түсіріп берсе, келесісі қаржылай демеушілік жасапты. Жергілікті билік жоба жоспарын әзірлеген. Осылайша көпшіліктің көмегімен бір жазда тұрғызылған нысан Тәуелсіздік күніне орай пайдалануға берілді. 

Саят Мерекенов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

– Көп түкірсе көл демей ме?! Бұл көптің бірігіп істеген дүниесі. Ауыл азаматтарының көмегінің арқасында елдің ертеңіне жасалып жатқан игілікті іс.

Ауыл балалары енді бұрыңғыдай қысылып-қымтырылмай кең әрі жарық сыныптарда білім алады. 240 шаршы метрлік мектептің керек жарақтары да жаңартылған. Тәуелсіздік күніне арналған төрт күндік демалыстан кейін оқушылар жаңа мектеп табалдырығын аттайды. 

Руслан Жанайхан, оқушы:

– Бұрын ескі мектеп салқын болған. Қазір жаңа мектеп жылы. Іші ұнады. Енді жаңа мектепте жақсы оқимыз.

Сая Керімбекова, ауыл тұрғыны:

– Ескі мектеп салқын болды. Әжетхана сыртта болды. Жаңа мектепті көрдік. Балалар бұрынғыдай жылы киіммен отырмайды.

Кәкен Қазыбаев ауылындағы жоғары сыныптың оқушылары Бақалы ауылына барып оқиды. Олардың қатынауы үшін ауыл азаматтары су жаңа автобус тарту етіпті. Жалпы Сарқан ауданында «Туған жер» бағдарламасымен 4 білім ордасын салу жоспарланып отыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы