426,94 518.00 5.91
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО тұрғыны аспанасты музейге ретротехниканы жинастырған

  • 210
  • UPD: 10:01, 19.12.2020

Солтүстік қазақстандық Виктор Дрегерде кеңестік кездің көне комбайндары бар. Қазір оның коллекциясы «СК - 3», «СК - 4» секілді техникамен толыққан. Оған қоса шалғайдағы Целинное ауылында тұратын зейнеткер  қолданыстан шығып кеткен тұрмыстық заттарды жинауға құмар. 

Келмеске кеткен комбайндар. Бұл тың игерген көне техника. Біреуге тот басқан темір болып көрінгенімен тарихы тым тереңде. Өгізге жегілген «Сталинец», өздігімен жүретін «СК 3», «СК 4» комбайндары. Бұның бәрін Виктор Дрегер жинаған.    

Виктор Дрегер, коллекционер:

- Мынаның бәрі металл болып жатқан. Бертін келе адамдар көлдерден шығарып, жаппай тапсыра бастады. Сол кезде тірнектеп жинап, комбайндар құрастырдым. 

Оның қиялында шек жоқ. Мына тұрған алып қайықты Виктор Дрегер жалғыз өзі аралда қалғандай жасап шығарған. Екі жылын сарп етті. 

Виктор Дрегер, коллекционер:

- Бұл қиялымнан шыққан қайық. 4 метр. Екінші қабаты алмалы - салмалы. Негізі балаларға арналған. Олар үшін өте қызық. Маған да ұнайды. 

Коллекционер  Колумбтай  Американы ашпаса да, тұрмыстық тарихтың теңдессіз мұражайын жинады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Коллекционердің ауласындағы тағы бір көне жәдігерлердің бірі мына бір тайқазан. 1775 жылғы. 180 литрлік. Былайша айтқанда, тұтас тайды пісіруге болады. 

Тағы бір туындысы диірмен. Кезінде әр ауылда бидай тартып, ұн шығарған. Зейнеткер көне құрылғыларды қайтадан қосып, үш қабатты диірмен салып жатыр.   

Виктор Дрегер, коллекционер:

- Ең қызығы, мына елек пен тастар бір диірменнен. Кемі 150 жыл бұрын қолданылған. Қостанай облысындағы Королёвка ауылынан тауып алдым. 

Виктор Дрегер шалғайдағы Целинное ауылында тұрады. Ол қаңырап бос қалған үйлерді мұражайға айналдырады. Мәселен, мұнда ат әбзелдері сақталған.

Виктор Дрегер, коллекционер:

- Бұл көшпенділердің көне үзеңгісі. Ең құндысы да осы. Еш жерде кездестірмедім. Немістердікі де бар. Ал мына біреуі жапан даладағы үйінділердің астынан табылды.

Тағы бір бос тұрған ғимарат – Орта ғасырдағы рыцарьдің сарайына айналды. Төрдегі тақ, үстел, қару – жарақ бәрі де сол заманнан сыр шертеді. Бас бөлмеде ұршық, тігін машинасы, фотоаппарат, алғашқы бейнекамера, тағы басқа құнды жәдігерлер «сөйлеп тұр».     

Виктор Дрегер, коллекционер:

- Басқасын білмеймін, жеке өз басым осында демаламын. Бұл бұйымдар менің өміріммен тығыз байланысты. Адамдарға да қызық. Өкінішке орай, көп дүние қолыма тимей қалды. Оларды біреу жинап, келешек ұрпаққа көрсету керек ғой. Бұл біздің тарих.

Коллекционер жинаған жәдігерлерін мүлде санамайды. Оның бір ақ арманы бар. Ол Петропавлда жеке мұражайын ашқысы келеді. Осы жинағандарын кейінгі ұрпақ көрсін, білсін дейді.

Авторлар: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы