424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ІІО қызметкерлерінің беделін арттыруға арналған бағдарлама жүзеге аса бастады

  • 289
  • UPD: 19:53, 19.12.2020

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде ішкі істер органдары қызметкерлерінің беделін арттыруға арналған бағдарлама жүзеге аса бастағаны белгілі.

Онда әсіресе, учаскелік полиция инспекторларын баспанамен, қызметтік көлікпен қамтамасыз ету мәселесіне айрықша көңіл бөлініп отыр.

Өз кезегінде полиция қызметкерлері де аянып қалып жатқан жоқ. Олардың арасында өз ісімен көзге түсіп, Президенттің қолынан награда алған азаматтар да аз емес.

Рудничный ауылындағы көп қабатты үйлердің бірінен өткен жылы қараша айында түнгі үш жарымда өрт шықты. Тұрғындар бірден полиция бөліміне хабарласқан. Өртеніп жатқан пәтерге учаскелік инспектор Ербол Аманбаев дереу жетіп, дәлізде есінен танып құлаған Роза Лобова есімді жалғызбасты әйел мен газ баллонын сыртқа алып шығады. Артынша тұрғындардың бәріне қауіпсіз жерге шығу керектігін ескертіп, өзі өртке оранған тоңазытқыш пен үйдің қабырғасын су шашып өшіруге кіріседі. Соның арқасында үй де, онда тұратын адамдар да аман қалды. Ал Ербол Аманбаев өткен жылы желтоқсан айында Мемлекет басшысының қолынан «Ерлігі үшін!» кеуде белгісін алып қайтты.

Роза Лобова, Рудничный ауылының тұрғыны:

– Сол күні түнгі үшке дейін теледидар қарап, ұйқыға жаттым. 10-15 минуттан соң бірдеме өртеніп жатқанын сезіп, көршілеріме қоңырау шалдым. Олар полицияға хабар беріп үлгеріпті. Учаскелік инспектор жылдам келіп, көмектеспегенде шаруам тынғандай екен. Мына үй де түгел өртеніп кетер еді. Сондықтан Ербол Аманбаевқа деген алғысым шексіз. Өзіне, бала-шағасына бақыт тілеймін!

Ербол Аманбаев, учаскелік инспектор:

– Полиция қызметкері болғаннан кейін істеген ісімізді ерлік деп санамаймын. Әрбір полиция қызметкері менің орнымда болса тура солай жасар еді. Бірақ ол награда үшін жасалған жоқ. Елдің қауіпсіздігі, үйді өрттен аман алып қалу үшін ғана жасалған.

Ербол Аманбаевтың бұл ісін әріптестері мақтан тұтады. Ал басшылары оның бойындағы кішіпейілдік пен қарапайымдылықты, өз ісіне деген жауапкершілікті жоғары бағалайды.

Ержан Тойбеков, Текелі қалалық полиция бөлімі бастығының орынбасары:

– Рудничный ауылында учаскелік полиция пункті мен жаңағы үйі бір жерде салынған. Қазіргі таңда түнде де біреу барса, көмек сұраса Ерболды табады. Ол кешке дейін жұмыста болады әрдайым. Мемлекет басшысының тарапынан учаскелік полиция инспекторлары автокөлікпен жабдықталған. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының полициясына көмек көрсетіп жатыр.

Мемлекет тарапынан жасалған осындай қамқорлықтың арқасында қылмыстың ашылу көрсеткіші біртіндеп артып келе жатқаны байқалады. Мәселен, мыңнан астам тұрғыны бар Рудничный ауылында биыл 4 ұрлық дерегі тіркеліпті. Полиция қызметкерлері аталған қылмыстардың ізін суытпай ашқан.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы