420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Солтүстікке қоныс аударған оңтүстікқазақстандықтардың жағдайы қалай?

  • 158
  • UPD: 19:57, 19.12.2020

Биыл Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданына оңтүстіктен 30 шақты отбасы көшіп келді.

Бәрі де жұмыспен қамтылып, баспаналы болды. Қоныс аударушылардың арасында өз алдына кәсіп ашқан адамдар да бар.

Дәурен Жақсыбаев Тимирязево ауылына Тараздан көшіп келді. Ол үшін Солтүстік Қазақстанда жаңа өмір басталды. Жас жігіт жұмысқа орналасып, мал шаруашылығын да қолға алды.

Дәурен Жақсыбаев, Тимирязево ауылының тұрғыны:

– Осы үйді алдық. Алғаннан соң бір айдан келіншегімнің атынан грант алдық. Сөйтіп мал алдық. Сарай салдық. Бәрі жақсы қарсы алды. Қазір бәрімен жақсы араласып кеттік.

Дәурен үйленген. Үш баласы бар. Кенже ұлдары – Аян осында туды. Солтүстік Қазақстан оларды ақтүтек боранмен қарсы алса да, жылы шыраймен қондырды. Қазір үйлі-баранды.

Құндыз Сәрсенәлі, Тимирязево ауылының тұрғыны:

– Ешқандай қорқыныш болған жоқ. Біз 3 күннің ішінде дайындалып кетіп қалдық. Себебі күйеуім жұмыссыз қалды, сосын осы жақта өзінің мамандығы бойынша жұмыс табылды.

Баяғыда мына жерлер бос жатқан. Қазір мұнда шағын бір аудан бой көтерді. Жалпы Тимирязево ауылында оңтүстіктен көшіп келетін отбасылар үшін 60-тан астам үй салынды.

Бұл үйлерді кім салды десеңіздер, көшіп келгендердің өздері. Олар осында терезе, кірпіш шығаратын цех ашып, құрылысқа білек сыбана кірісіп кеткен.

Нариман Жарасбаев, Тимирязев аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры:

– 2019 жылы Орынбек Төлепберген мен Қырықбай Арайлым 2020 жылы қоныс аударып, өздеріне осы тұрғылықты үй салып жатыр. Өте қуанышты жаңалық. Былтыр Төлепберген Орынбек 13 үй салды, биыл Қырықбай Арайлым екеуі қосылып тағы да 47 үй тұрғызды.

Биыл Тимирязев ауданына қоныстанған адамдарға кәсіп ашу үшін 10 грант бөлінді. Олар бұл қаржыға тігін орны мен шаштараз ашқан.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы