427,41 517.06 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

СҚО-да азық-түлік қымбаттап жатыр

  • 212
  • UPD: 10:18, 20.12.2020

Еліміздің солтүстігінде импорттық өнімдерден бөлек «Қазақстанда жасалған» тауарлар да қымбаттап жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал көкөніс құны тіптен шарықтап кеткен. Мәселен соңғы айда Петропавлда қиярдың бағасы 115%-ке өсті. Мұны арнайы рейд барысында қоғам белсенділері анықтады.

Петропавлда тұрақтандыру қорының тауарларын сататын 30-ға жуық сауда нүктесі бар. Тұрғындардың көбі осында ағылады. Әрі мұнда әрқашан ұзын-сонар кезек. Себеп – бұл жердегі баға нарықтағыдан сәл болса да төмендеу. 

Дюдмила Авдеева, қала тұрғыны:

- Мұнда баға дүкендерге қарағанда арзанырақ. Сондықтан осында келуге тырысамын. Жалпы өңірде ет, жұмыртқа, көкөністердің қымбаттағанын байқап отырмыз.

Ия, соңғы бір айда тұрақтандыру қорындағы азық-түлік те өсті. Оны қоғам белсенділері мониторинг барысында анықтады. Мәселен, қарашада халық өсімдік майын 420-дан сатып алса, осы айда ол 440 теңге болды. Қант 215-тен 230-ға теңгеге көтерілген. Мұнымен қоса, жұмыртқаның бағасы шарықтап тұр. Жауаптылар оны құс тұмауымен байланыстырып отыр. Өңірде күзде індет өршіп, бірнеше фабрика жабылып қалған еді. Ал кей сауда орындарында бір қолға әлеуметтік жұмыртқаның тек үш ондығы ғана береді. Қиярдың бір келісі 1300 теңгеден асады.

Фархат Ыбраев, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:

- Бұл тауарлардың босату бағасы өсті. Оның үстіне тауар өндірушілер шикізаттың қымбаттағанын айтып отыр. Сондықтан осындай жағдай қалыптасып отыр. Ал көкөністердің қымбаттауы маусымдық құбылыс. Алда жаңа жыл мерекесі келе жатыр. Баға саясатын ұстап тұру үшін тұрақтандыру қорында жеткілікті көлемде азық-түлік бар. Оның үстіне біз апта сайын бағаларға мониторинг жасап отырамыз.

Өңірде сіріңке тапшылығы да болған еді. Жағдай қазір біршама тұрақталды. Арнайы рейд барысында белсенділер тауарлардың сертификатын да тексерді. Өкінішке орай сатушылардың көбінде бұл құжат болмай шықты. Әзірге ескерту жасалды. Олқылықтың орны толтырылмаса, келесіде оларға  айыппұл салынады.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы