419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Маңғыстау облысында биыл 34 жылыжай іске қосылады

  • 118
  • UPD: 09:11, 20.12.2020

Tопырағы сортаң, табиғи су көздері тапшы. Маңғыстау өңіріндегі кенже қалған егін шаруашылығын дамытуға басымдық беріле бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бақша мен көкөніс өсірушілерге қажетті тыңайтқыш пен судың тең жартысын мемлекет субсидиялауда. Жалпы агроөнеркәсіп саласын қолдауға биыл 3,2 млрд теңге бөлінген. Осындай мемлекеттік қолдаудың арқасында жыл басынан бері 26 жылыжай іске қосылды. Тағы жетеуінің құрылысы жүріп жатыр.

Талант Нұразбаев 10 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысады. Ол биыл 4 гектар жердің барлығына қияр еккен. Әсіресе, Израиль, Испания және голландиялық сорттарға сұраныс жоғары. Бұрын көкөністі топыраққа өсіріп келген шаруа соңғы жылдары кокостың қабығынан жасалған субстратқа көшті. Ол ылғалды ұзақ сақтайды. Аймақта тіршілік нәрі тапшы әрі қымбат болғандықтан шаруашылық басшысы тамшылата суару әдісін қолдана бастады.

Талант Нұразбаев, жылыжай директоры:

- Өте тиімді. Қажетті минералдың барлығын суға қосып, қондырғымен жібереміз. Барлық өсімдік бірдей қорек алады. Жұмыс автоматты түрде жасалады. Компьютердің көмегімен судың мөлшерін, ауаның температурасын, жылыжайдағы көмірқышқыл газының деңгейін анықтап отырамыз. Тың технологияның арқасында өнімдеріміздің сапасы да, көлемі де артты. Бір жылда 150 тонна қияр жинадық.

Аймақта жылыжай шаруашылығын дамытуға басымдық берілуде. Биыл тағы 7 гектар жерге жылыжай салынуда. Бұл азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет. Өңір тұрғындары тұтынатын азық-түліктің 85%-і сырттан, еліміздің басқа аймақтары мен көрші мемлекеттерден тасымалданады. Осы тәуелділіктен арылу үшін облыстағы барлық қала, аудандарда егін шаруашылығымен айналысушы кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетіле бастады.

Серік Қалдығұл, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы:

- 865 млн теңге 342 субъектіге субсидия берілді. Бұл не деген сөз? Бізде егін шаруашылығына келетін болсақ, тыңайтқыштардың 50%-ін субсидиямен қамтамасыз етеміз. Яғни тоннасын 60 мыңға алса, біз 30 мыңын өтеп береміз. Бұл шаруаларға үлкен көмек. Бізде қазір 70 минералды тыңайтқыштың барлығына дерлік 50%-іне субсидия қаралған. Екіншіден, судың 85%-іне дейін егінге немесе жылыжайға судың 85%-іне дейін субсидиялаймыз. Бұрын-соңды ондай болмаған. Бұл үлкен мүмкіншілік.

Алдағы күндері Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылында балық консервілеу және ұн өңдеу цехтары іске қосылады. Құны 40 млн теңге болатын шағын зауытта күніне 400 балық консервісі дайындалмақ. Ал, 105 млн теңге тұратын ұн өңдеу зауыты айына 80 тонна ұн мен 30 тонна кебек өндіреді. Жалпы биыл ауыл шаруашылығын дамытамын деген шаруаларға 1,2 млрд теңге көлемінде 259 шағын несие беріліп, 329 жаңа жұмыс орны ашылды.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы