421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Оралда коллекциясында құнды естеліктері бар асқан әуесқой фотограф тұрады

  • 120
  • UPD: 12:15, 20.12.2020

Орал қаласында жасы жетпістен асқан әуесқой фотограф тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол бала күннен-ақ фото және видео түсіруге құмар болған. Ескі аппараттар ақсақалдың коллекциясында әлі күнге дейін сақтаулы. Ал ленталар мен альбомдарда құнды естелік суреттер бар.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Қайнолла Қажығалиевтің коллекциясынан өткен ғасырдағы фотоаппараттар мен ленталарды, сәулелі жабдықтарды қаз-қалпында көруге болады. Әуесқой таспагердің қолына ең алғаш «Смена» құрылғысы тиіпті. Оны мектеп жасында жазғы еңбегі үшін сыйға алған. Содан бері сурет тусіруге аңсары ауыпты. Ауылдастарын, туысқандарын және табиғатты таспалаған. Алайда дәл сол аппарат сақталмай қалыпты. Мұрағатта тек қорабы мен ленталары бар. Ал басқа құрылғылар түгелімен орнында.

Қайнолла Қажығалиев, әуесқой фотограф:

- Былай, міне. Сосын мынаны басып қалғанда, мінекей. Сосын мен тағы айта кетейін, техника деген қызық қой. Мына кадрлар тоқтап жүреді. Каждый кадр сурет болып түскенде тоқтайды, сосын жүреді, тоқтайды-жүреді.

Қайнолла ағаның еңбек жолы түгелімен нан өнімдері комбинатында өтті. Бос уақытында сүйікті аппараттарын арқалап, айналадағы ғажайып көріністерді, мерекелік шараларды, жиын-тойларды түсіріп келген. Барлық материал кешегі күннен сыр шертіп тұр. Мұрағатта Ресей, Моңғолия елдерінде түсірілген суреттер де бар. Қария ақ-қара түсті фотоларды шығару үшін түні бойы ұйықтамай, көз майын тауысқанын айтады. «Жұрт пәтер, көлік алуға ақша жинаса, ол фотоаппарат құрылғыларын жинайтын», - деп күліп еске алады зайыбы.

Күләш Қажығалиева, зайыбы:

- Өмір бойы жұмыстан қанша шаршап келіп жатса да, осындай өзінің хоббиі. Ол уақытта енді өте қиын ғой. Ерітінділермен отырады, сонымен езеді, сосын әлгі кебеді. Кепкесін барып іліп қояды. Кілең сымға, жіпке. Менің өзіме де қызық. Ана карточкалар қалай шығады екен деп қарап отырам.

Қария үшін әрбір аппарат пен әрбір суреттің бағасы құнды. «Мұрағаттағы байлығым ғұмырымды қаз-қалпында бейнелеген күнделік іспеттес», - дейді ол.

Қайнола Қажғалиев, әуесқой фотограф:

- Мен тарихты солай жинадым. Басқа кісілер жазады. Ал мен бүкіл тарихты осы тек қана түсірумен, карточкаға түсірумен, сол бағытта жинадым. Бұл – тарих. Жұмысымдағы адамдар, бүкіл тума-туысқандар бар ішінде. Енді біреулер шежіре дейді, бәрін біледі, ал мен бәрін осындай техникамен сақтап қалдым.

Қария жақында ғана зейнетке шықты. Алайда әлі де құрылғыларын тастайтын емес. Керісінше, ермегімен емін-еркін айналысатын уақыт енді келгенін айтады Оның үстіне немересі Даниярдың да таспагерлікке ынтасы бар.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов

 

Хабар 24 телеарнасы