421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысында 64 әлеуметтік жоба қолға алынған

  • 99
  • UPD: 15:36, 20.12.2020

Атырау облысында құны 35 миллиард теңге болатын 64 әлеуметтік жоба қолға алынған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның 14-і осы жылдың соңына дейін аяқталады. Бұл жобалар Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында жүзеге асып отыр. Нәтижесінде 7 мыңнан астам адам жұмысқа орналасады.

Сылақшы Жарқынбай Бағабылов бұған дейін мұнай компаниясының белді жұмысшысы болатын. Алайда жұқпалы індет салдарынан өндіріс тоқырап, өзі секілді жүздеген адаммен бірге кәсіпсіз қалды. Қазір құрылыста жұмыс істеп жүр.

Жарқынбай Байғабылов, құрылысшы:

- Карантинге байланысты қысқарып қалдық. Үйде 42500 теңге алып жаттым басында. Сосын осында келдім. Қазір орналастым, шүкір, жақсы 100 мыңның үстінде еңбекақы бар. Өзіме ұнайды жұмысым.

1200 орындық жаңа мектептің құрылысында Жарқынбай секілді 60-тан астам адам еңбек етеді. Айтқандай, бұл құрылыс та жаз бойы тоқтап тұр еді. Енді мемлекет қолдауы арқасында қарқын ала бастапты. Мерзімінен кешіктірілген нысанды уақытылы тапсыруы үшін қол күші әлі де керек екен.

Асқар Төленов, мердігер мекеме өкілі:

- Жұмыс сұрап келгендерді әлі де алып жатырмыз. Бізге қазір 40 шақты адам әлі де жетпейді. Соның ішінде тас қалаушылар, сылақшылар, еден жуушылар. Осындай санаттар жетпейді. Айлықтары келісілген шарт бойынша мезгілінде төленіп жатыр.

Жұқпалы індеттің салдарынан жұмыссыз қалғандарды кәсіпке тарту мақсатында облыста құны 35 млрд теңгелік 64 жоба қолға алынған еді. Соған сәйкес 7100-ден астам адамды жұмыспен қамту жоспарланған.

Серік Хамидолла, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Осы бағдарламаға қатысушылар өздері тұрғылықты жеріндегі жұмыспен қамту орталықтарына тіркелді. Сол жерде осы бағдарламаға ұтып алған мекемелер келіп, бос жұмыс орны жәрмеңкелерін өткізіп, өзіне керекті мамандарын алуда.

Мұнайлы өңірде жыл соңына дейін 14 жоба аяқталады. Қалған 50 жоба алдағы жылдардың еншісінде. Айтқандай, осындай әлеуметтік жобалар аудандарда да қолға алына бастаған. Нәтижесінде 16,5 мыңнан астам ауыл тұрғыны мектеп, балабақша құрылысынан күнкөрісін айырып жүр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы