427,41 517.06 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Францияда шаруалар азық-түлік тапшылығын болдырмауға әрекет етуде

  • 544
  • UPD: 20:23, 20.12.2020

Францияда азық-түлік тапшылығы сезіледі. Дегенмен, түк жоқ деуге келмейді. Өйткені коронавирус кезіндегі қиындықтардан жол табуға кей шаруалар да бейімделген. Олардың дағдарысқа қарсы өзіндік әдіс-тәсілі бар. Бірақ алысты болжай алғандар бірен-саран. Қалғаны мемлекеттің қолдауына мұқтаж.  

Қазір Францияда өнімін тікелей жеткізетіндердің айдарынан жел есіп тұр. Олардың көбі бұл істі дағдарыстан бұрын бастаған. 2 рет енгізілген карантин кезінде бұл шаруа тіптен жандана түсті. Дегенмен, Франция азық-түлік тапшылығынан әлі құтыла алмай отыр. Альпі тауынан 100 шақырымдай жерде тұратын Жан-Марк Covid-19 жағдайына лезде бейімделді. Ол бұрын ірімшігінің 20 процентін ғана мейрамханаға өткізетін. Қалғанын клиенттерге тікелей сататын. Әрі оны өнімі импортқа қарағанда қымбатқа сатылады. Себебі сапасы жоғары. Клиенттері де тұрақты.

Жан-Марк Лери, шаруа қожалық иесі:

- Тікелей сатудан рақаты жоқ. Мұны мен 40 жыл бұрын қолға алғанмын. Басқа шаруалар қырын қарайтын. Олар жаппай бере салғанды құп көретін. Бірақ қазір олар шығынға ұшырады. Локдаун енгізілгенде клиенттердің шаруалардан тікелей сатып алуына сұраныс артты. Осылайша тікелей жеткізетіндердің қатары көбейді.

Бірақ Франция азық-түліктің 20 процентін бәрібір сырттан алдырып отыр. Шарап пен жарма ғана жеткілікті. Францияда желінетін тауық етінің 30 проценттен астамы Польша, Бельгия және Нидерландтан төмен бағаға сатып алынады. Мұның басты себебі бұл елдерде жұмыс күші арзан. Көкөніс пен жеміс-жидектің жартысынан көбі шетелдік өнімдер.

Фредерик Рич, бақша иесі:

- Барлығына жететіндей көлемде өндіру үшін бізге экономикалық қолдау керек. Себебі шетелдік өнімдерге бәсеке болу қиын. Ол елдерде жұмыс күші арзан. Әр өнімнің өзіндік құнын есептегенде бағасы өседі. Біз көмекқаржы сұрап тұрғанымыз жоқ, бізге бар болғаны еуропалық теңдік қажет.

Франция үкіметі коронавирус кесірінен дағдарысқа ұшыраған шаруаларға мемлекеттік кепілдігі бар қарыз беріп, салықты жеңілдетіп, қолдау көрсетумен келеді. Жұмысшыларының 50 процентін қысқартуға мәжбүр болған қожалықтарға да арнайы қаржылай көмек көрсетіледі. Бірақ бизнес ретінде олар бейімделмеген қалпында қалады. Ал қиыннан жол тапқандар қай кезде болмасын есе жібермейді.

Автор: Ернат Қашқынов

Хабар 24 телеарнасы