427,41 517.06 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жезқазғанда шағын ауданның халқы ауыз суға жарымай қойды

  • 256
  • UPD: 20:37, 20.12.2020

Жезқазған қаласындағы Бекболат сай ықшам ауданының тұрғындары ауыз суға жарымай қойды. Құбырды 5 жыл бұрын ауыстырғанымен су күнара келмей қалады. Жергілікті билік бұл жайдан хабардар. Айтуынша, әу баста жоба дұрыс жасалмаған. Енді мәселені түбегейлі шешу үшін су жүйесіне толық зерттеу жүргізіп барып, жөндеу жұмыстарын бастау керек. Ал ол шаруа қай уақытта орындалады? 

Рахат Алтынбекованың Бекболат сай ауданына көшіп келгеніне үш жылға жуықтапты. Содан бері су азабын тартып келеді. Кейде ескертусіз кез келген уақытта өшіріп тастайды. Ал бірнеше сағаттан соң берген кезде құбырдан қара су ағады.

Рахат Алтынбекова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Кейде естімей қаламыз тоқтататындарын, аяқ астынан сөндіре салады. Су жарылды, труба жарылды деп. Басында қиналып қалдық, қазір су алып қоюды үйрендік. Су қосқанның өзінде 4-5 сағат қап-қара болып тұрады кәдімгідей. Оны ішпек түгілі зат та, ыдыс та жуа алмаймыз ол суға.

Тұрғындар судың жиі тоқтауын мердігерлердің шала жұмысынан деп топшылайды. Себебі осыдан 5 жыл бұрын әбден тозған темір құбырлар пластикке ауыстырылған болатын. Сол кезде технологиясы дұрыс сақталмаған екен.

Болат Балапанов, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Күнде суды өшіреді, екі жыл болды ма. Құдайдың құтты күні өшіреді де жатады. Барлық жер жарылып жатыр. Анау подрядчик дұрыс істемеген суды. Бұлардың мен көмгенін көрдім. Бізде мына скальный грунт бар, тастар. Соны қазды, белден сәл-ақ асатын жерге, трубаны соған салды да, трактормен көме салды. Оның бәрі қазір жарылып жатыр, тас кіреді ғой трубаға.

Әкімнің айтуынша, әу баста су тарту жұмыстары дұрыс жүргізілмеген, жоба шикі. Мәселен, Бекболат сай ауданының жоғарғы жағында орналасқан үйлерге су жетпей жатса, төмендегі құбырда қысым жоғарылап, жарылып жатады. Оның үстіне бір жерде ақау шықса, суды тұтас ауданда тоқтатуға тура келеді екен. 

Қайрат Әбсаттаров, Жезқазған қаласының әкімі:

- Бұл мәселені түпкілікті шешу біздің мақсатымыз. Бір ақаудан соң бір ақауды жөндеген ол бітпестің күйі ғой былай қарағанда. Сондықтан оның барлығын біз зерттеп алып, сосын жоспарлы түрде, жүйелі түрде қайтадан орнына келтіреміз деген үмітіміз бар.

Қазір кәсіби мамандардан құрылған арнайы жұмыс тобы бұл аудандағы су жүйесінің жобасын қайта қарап жатыр. Түбегейлі зерттеген соң құрылыс жұмыстары тек келер жылдың жазында басталмақ. Оған дейін тұрғындарға амалдай тұруға тура келеді.

Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы