420,66 511.30 5.69
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматы облысы Қарабөгет ауылы үшін су мәселесі өзекті болып тұр

  • 109
  • UPD: 20:40, 20.12.2020

Алматы облысындағы Қарабөгет ауылының тұрғындары үшін ауыз су мәселесі өзекті. Өйткені ертеректе елді мекеннің тең жартысына құбыр тартылып, су берілген. Ал екінші бөлігі сол күйінде қалып қойды. Ауыл тұрғындарын алаңдатқан бұл проблема қашан шешіледі? 

Қарабөгет ауылында мыңнан аса адам тұрады. Солардың тең жартысы тіршілік нәрін тасып ішіп отыр. Оның өзінде көшедегі колонкада су бола бермейді. Сонау жерден шананы сүйретіп келгенде бос қайтуың да әбден мүмкін.  

Елдар Қыдыржанұлы, ауыл тұрғыны:

- Су уақытымен ғана беріледі. Күндіз түні ақпайды. Уақыттан қалып қалсаң су ала алмай қаласың. Сол кезде қиындау.

Қуанышбек Ырыскелдин, ауыл тұрғыны:

- Екі-үш сағатқа ғана ағады. Бар суды сол кезде ыдыстарға құйып аламыз. Өзеннен де тасып ішіп отырмыз. Қайтеміз енді.

Әсіресе қыстыкүні бала-шағаға қиындау. Солар әкеледі.

Тұрғындардың өтінішімен бұл елді мекен ауыз су тартылатын ауылдардың санатына енгізілді. Соған сәйкес сала мамандары құрылыс жұмыстарының жобалық негіздемесін дайындаған. 

Жомарт Мыңбаев, аудан әкімінің орынбасары:

- Облыстық басқармаға қаражатқа сұраныс берілді. Сол қаражат бөлінген жағдайда үш көшеге ауыз су жүргізіледі. Скл аталған үш көшені орталықтандырылған ауыз сумен қамтыған уақытта жалпыға ортақ су тоқтатқаннан кейін әркім өз үйіне су тартқаннан кейін су күндіз түні берілетін болады.

Осы жылы Еркін және Кәкімжан Қазыбаев ауылдары мен Сарқан қаласына қарасты Басқан ықшам ауданына мұнара тұрғызылып, құбыр тартылды. Осылайша үш елді мекеннің халқы су тасу машақатынан  құтылды.

Сара Әшірбекова, ауыл тұрғыны: 

- Қазір міне ыстық су керек пе суық су керек па жағдайдың бәрі бар. Бұрынғы күнімізге шүкір, тәубә ештеңеге алаңдамаймыз. Бүкіл бытовой шаруаларды орындауға шамамыз келіп жатыр. Ең бастысы, балаларға алаңдамаймыз. Суға, өзенге ешкім бармайды.

Жұмабек Буашев, ауыл тұрғыны:

- Су тамаша, рахат. Үйде су ағып тұр. Аристон істеп тұр. Туалет істеп тұр. Су тамаша, ризамыз. 30 жылдай өте қиналдық.

Амантай Орынбеков, Сарқан қаласының әкімі:

- «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында осы ықшам ауданына 158 млн теңге бөлініп, жұмыстар жүргізіліп су тартылды. Осы ықшам аудан бойынша 3 шақырым жерге құбырлар қазылды. 25 колодец орнатылды. Және де 50 куб су сыятын мұнара орнатылды. Нәтижесінде Сарқан қаласы толықтай ауыз сумен қамтылды.

Сарқан ауданындағы ауылдардың орталықтандырылған ауыз сумен қамту көрсеткіші 98 процентке жеткен. Келесі жылы 4 елді мекендегі құбыр жөнделсе, бұл мәселе толықтай өз шешімін табады екен.     

Авторлар: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы