421,98 511.30 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жамбыл облысындағы Ынталы су қоймасы жаңартылады

  • 126
  • UPD: 23:00, 20.12.2020

Жамбыл облысындағы Ынталы су қоймасы қайта жаңғыртылады. Осының арқасында Сарысу ауданындағы суармалы жердің көлемі айтарлықтай ұлғаймақ. Қазір егін алқабына баратын арықтар жаңартылып, құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жоба толық аяқталса шалғай аудандағы диқаншылық қайта өрге басады.

Ынталы су қоймасы жарты ғасырға жуық уақыт бойы жөндеу көрмеген. Сыйымдылығы 30 мың текше метр болғанымен жартысынан асырып су жиналмайды. Артық жинасаң қауіп төндіреді. Себебі бөгет әбден ескіріп кеткен. Осының салдарынан жергілікті диханшыларға су жетпейді.

Сейілбек Дәриябеков, Сарысу аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- 1975 жылғы лоток. Лотоктың бәрі ескірген. Құлаған. Құлап сосын жан-жағын бітейміз. Ол жырылып кетеді.

Су жүретін арықтар да әбден тозған. Шұрық тесік бетон каналдардан су далаға ағып, шығын көп кетеді. Салдарынан бақша, егістіктердің аяғына дейін су толық жетпейді.  Жылда су азабын тартатындардың бірі Асқар Әлібеков. Тоз-тозы шыққан арықты жамағанмен мәселе шешілмейді дейді тәжірибелі дихан. Өнімділік төмендеп, еткен еңбек өзін өзі ақтамайды. Жастардың да ауылға тұрақтамай жатқаны содан дейді ол. 

Асқар Әлібеков, шаруа:

-  Су жетпей қалады шілденің кезінде. Қиналады. Ол енді біз сияқты ертеден істеп келе жатқан жігіттер емес қой. Жас балалар. Олар жылдам табыс тапқысы келеді. Пияз егіп жатады. Кейде аяғына дейін су жетпейді да ол кейде күйеді. Жастар оған тұрақтамайды. Ал егер су толық уақытысында 4-5 күннің көлемінде алып тұрса. Онда елдің барлығы еңбек етеді. 

Бұл мәселені шешу үшін Ынталы су қоймасын жөндеуге 716 миллион теңге қаражат бөлу жоспарда. Оған бөгет нығайтылып, автоматтандарылған заманауи су өткізгіш қондырғылар орнатылады.

Сейілбек Дәриябеков, Сарысу аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Мына шлюздің бәрі ескірген. Осының бәрі жаңарады деп отырмыз. 21-дің бюджетіне еніп тұр. Енді оның қай уақытта басталатынын. 176 миллионға тағы біз ДКЗ-мен экономика бөліміне өткізіп отырмыз. Бүгін жігіттер тағы кетті. Негізі бізде 18 осындай канал бар. Каналдың бәрі Қазсушарға өтіп кеткен еді. Біз соны облысқа қайта өзімізге алып ремонт біткен соң қайтып Қазсушарға береміз. 

Қазір 1,5 шақырым каналды жөндеу жұмыстары басталып, алғашқы кезеңі аяқталуға жақын. Шалғайдағы Сарысу ауданында бүгінде 3100 гектар суармалы алқап болса, су қоймасы жөнделген соң оның көлемі 800 гектарға дейін ұлғаяды. Мамандар өнімділік кемінде 30 процентке дейін көбейеді деп болжап отыр.

Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Бақытжан Бапаев

Хабар 24 телеарнасы