419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сырғанақтардың басым бөлігінде қауіпсіздік ережесі ескерілмейді

  • 208
  • UPD: 23:05, 20.12.2020

Қыс келіп күн суытқанда бала ермегі сырғанақ тебу. Осындай бір оқиға Алматы облысында 10 жасар қыздың өлімімен аяқталды. Өкінішке орай, бала рұқсат етілмеген орында сырғанаған. Ал басқа-басқа, елордадағы жағдай қандай?

Қытымыр қыстың қызығы бала үшін биіктен сырғанау екені рас. Аязды Астанада мұндай алаңдар жеткілікті. Солардың барлығында қауіпсіздік шаралары сақталып жатыр деуге келмейді. Бала ойын қуғанда қауіпті аса ойламауы да мүмкін. Жауапкершілік ата-ана мен құзыретті органдарда. Ал олардың жауабы былай.

- Мен төменде тұрамын, атасы жоғарыдан баланы жібереді. Қауіпсіздікті сақтаймыз. Баспалдақпен ғана шық деп баланы үйретіп отырмыз.

Адамдар жарақат алған жағдайда біз тек алғашқы көмек көрсетеміз. Оны емдеу біздің жұмыс емес. Жедел жәрдем шақырып күтеміз. Мен тек өз орныма ғана жауап беремін. Басқасы әкімдіктің жұмысы. Олар не істеп жүргенінде шаруам жоқ.

Елордадағы сырғанақ алаңдарының саны көп, сапасын өздеріңіз байқадыңыздар. Енді өңірлердегі ахуалды пайымдасақ. Петропавлдық қыз төбешіктен сырғанап, есінен танып қалды. Қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы тым ауыр. Оқыс оқиға мереке күндері Борки кентінде болған. Куәгерлердің айтуынша, ол ағашқа соғылып жарақат алған. Денсаулық сақтау басқармасы «дәрігерлік құпия» деп сұхбат беруден бас тартты. Бұл жерде шаңғы базасы мен олимпиада резервін даярлау орталығы орналасқан. Жергілікті билік өкілдері сырғанауға тыйым салынды дегенімен ресми құжат жоқ.

Ольга Надобенко, Олимпиада резервін даярлау орталығының жетекшісі:

- Қазір шаңғы базасы ашық. Жұмыс істеп тұр. Жарақат алған қыз рұқсат етілмеген жерде сырғанаған. Ол туралы ескерту жазылған. Сондықтан спорттық нысан жабылған жоқ.

Ал Талдықорғанда кеше 10 жастағы қыз сырғанақтан жазым болды. Ол анасымен алаңға келіп төмен сырғығанда басы тасқа тиіп бірнеше жарақат алған. Дәрігерлер қолдан келгенді жасағанмен баланы құтқару мүмкін болмады.

Айгүл Айманбекова, Көксу ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қайғылы оқиға 19 желтоқсан күні Көксу ауданында Мұқыры тауында болған. Аталған тау жеке шаруа қожалығына тиесілі жер. Арнайы сырғанаққа жабдықталмаған. Ол жерде тиісті белгілердің барлығы орнатылған. Бүгінгі күні осы іс бойынша тергеп тексеру амалдары басталды. Арнайы сараптама тағайындалды. Скл Бүгінгі уақытта скл түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қайғылы оқиға болған жерде бақылау күшейтіліп, рейдтік жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Рас, ешкім баласын жазым болсын деп сырғанақ тебуге алып бармайды. Балалар сергитін барлық орын жабық. Ең болмағанда сыртқа шығып таза ауамен тыныстасын дейтін боларсыз. Тек абай болыңыз. Алда-жалда жарақат ала қалсаңыз тиісті мамандарда тек көлікке арналған дәрі-дәрмек қобдишасы ғана бар.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы, Марат Диханбаев

Хабар 24 телеарнасы