420,67 511.30 5.60
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Аптасына мыңнан астам қазақстандық шетелге шығады

  • 195
  • UPD: 09:06, 21.12.2020

Шекаралар ашылып, шектеулер алынған сайын қазақстандықтар шетелге демалуға ағылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Апта сайын 1 жарым мыңға жуық отандасымыз сырт елге кетеді екен. Қыдырамын деген халыққа елді есеңгіретіп жатқан коронавирус та кедергі емес. Тіпті қыркүйек, желтоқсан айларының аралығында 24 мың жерлесіміз шекара асыпты. Алайда карантинге шыдас бере алмай жабылған турфирмалар да жетерлік. 

Самат Әубәкір қаңтардың 9-ында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласына аттанбақ. Жақында ол бүкіл отбасымен коронавирус инфекциясынан емделіп шықты. Сол себепті Самат шетелге шығып демалудан қорықпайды. Жаңа жылда 1 апта уақытын жылы жақта өткізгісі келетін ол ұшу алдында қажетті тестілерді міндетті түрде тапсырады.

Самат Әубәкір, қала тұрғыны:

– Шетелге шығу туралы шешім кенеттен қабылданды. Отбасым қыста демалып қайтқысы келді. Кейін олар маған хабарлады. Мен әрине келістім. Басында қаңтардың 3-де ұшуымыз керек еді. Бірақ рейсіміз 9-ына шегерілді. Араб Әміріліктерінде бір апта боламыз деп жоспарлап отырмыз. Өзіміз індетке шалдығып, екі ай бұрын ол дерттен айығып шыққандықтан барлық снаитарлық нормаларды қатаң сақтаймыз. Егер шекаралар жабылып қалмаса, демалысымыз сәтті өтеді деген ойдамын.

Бүгінгі таңда қазақстандықтар үшін Біріккен Араб Әмірліктерімен қатар Египет, Мальдив және Шри-Ланка аралдары, Түркия елінің шекаралары ашық. Көбі демалысқа отбасымен баратындықтан, Мысыр елін таңдайды. Өйткені мұнда тамақтану, қонақ үйге орналастыру және көңіл көтеру жағы жақсы ойластырылған. Туристердің ыңғайы үшін бәрі жасалды. Егер ұшар алдында ПТР тест жасап үлгермегендер болса, Египеттің әуежайларында бірден сынақ тапсыруға мүмкіндік бар. Елге оралған кезде де теріс нәтижелі тестінің болуы шарт.

Инна Рей, «Туристік қамқор» корпоративтік қорының төрайымы:

– Былтыр қыркүйек-желтоқсан айларында 3-4 мың қазақстандық турист шетелде демалған. Ал биыл бұл көрсеткіш өте жоғары. 24 мың адам тур сатып алып, демалып қайтты. Олардың ешбіреуі коронавирус инфекциясын жұқтырған жоқ. Өйткені қарсы алатын елдер барлық санитарлық нормаларды қатаң сақтап отыр. Жаңа жылдың алдында демулаушылар саны күрт өсті. Қазір апта сайын 1 мың адам ұшып жатыр. Жақында Мальдив аралдарына тікелей рейс ашылғандықтан, тізімге тағы 200 адам қосылды.

Індет таралуына байланысты туристік сақтандырумен айналысатын компаниялар жаңа полис әзірледі. Оның бағасы 1 адамға шамамен 3-4 мың теңгені құрайды. 3 жасқа толмаған бала мен 65-тен асқан адамдардың полисі одан 3 есе қымбат. Егер турист шетелге шығып, коронавирус індетін жұқтырса, компания сомасы 8 мың долларға тең ем-домды төлейді.

Анастасия Шовцева, сақтандыру компаниясының қызметкері:

– Егер турист саяхат кезінде өзін нашар сезінсе, дәрігерді шақыруы тиіс. Тест жасалып, коронавирус инфекциясы расталса, біз азаматымыздың емін толық көтереміз. Туристер бұл полисті тек демалып жатқан елдің аумағында ғана пайдалана алады.

Пандемия басталған кезде 9 мың қазақстандық шетелде демалып жатқан. Олардың барлығы «Туристік қамқор» қорының есебінен елге жеткізілді. Оған жиналған қаражаттың 3-тен екі бөлігі жұмсалды. Ал шекара жабылып, демалысына бара алмағандардың турлары кейінге шегерілді. Сонымен ақшаны қайтару мәселесі толық шешілді. Оған туркод ұғымының енгізілуі сеп болды. Сондықтан шетел асуға ниеттілердің барлығы ең алдымен «Туристік Қамқор» сайтына кіріп, осы туркодтың бар-жоғын анықтау керек.

Авторлары: Дариға Ташенова, Айдос Меделбеков, Тоқтар Терлікбаев

Хабар 24 телеарнасы