419,69 511.30 5.67
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда азық-түлік құны күннен күнге өсіп барады

  • 113
  • UPD: 23:24, 21.12.2020

Павлодарда Жаңа жыл қарсаңында, әсіресе, қиярдың бағасы күрт өскен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбір дүкендерде өнімнің бір келісі 1500 теңгеден сатылып жатыр. Жергілікті жылыжайлар оны 830 теңгеге бағалайды. Соңғы кезде өсімдік майының құны да шарықтап кеткен. Өйткені рафинадталған май өңірге сырттан келеді екен.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Қарапайым отбасының күнделікті тұтынатын тауарлар тізбегін жасап шықсақ. Ол мінекей, күнбағыс майы, күріш, ұн, қант, шай, макарон бұйымдары. Сол сияқты аздап дәмдеуіштерді де қосуға болады. Кез келген дастарханның сәні көкөніссіз кірмейтіні анық. Биыл көкөністің бағасы шарықтап тұр. Мәселен мына қиярдың бір келісі 1400 теңге. Пияз жылдағыдан екі есеге қымбаттапты.

Теңіздің ар жағынан жеткен мандарин жаңажылдық дастарханға әр береді. Оның құны жергілікті жылыжайларда өсірілген қиярдан екі есе арзан. Павлодар облысында қияр өсіретін бірнеше жылыжай кешені бар. Соған қарамастан баға шарықтап тұр.

Жергілікті жылыжайларда тәулігіне алты-жеті тонна қияр жиналады екен. Өнім экспортқа шықпайды. Ал бағаның қымбаттауына арадағы делдалдар себепші көрінеді. Жергілікті атқарушы билік өкілдері жағдайды реттейміз деп сендірді.

Асайын Байханов, облыс әкімінің орынбасары:

- Қиярдың бағасы 750 теңгеден көп болмайды. Мысалы мына Ақсудың өндірушілерімен, Екібастұздың өндірушілерімен солай келістік. Халықтың мына Жаңа жылдың алдында қаншама наразылық білдіріп жатқан жағдайды көрсетіп жатыр ғой. Қиярдың бағасы 2 мың, 2,5 мың болып кетті деген сияқты.

Өңірде күнбағыс майына қатысты да дәл осындай жағдай туындаған. Облыста май шығаратын екі зауыт, сегіз цех бар. Бірақ тұрақтандыру қорына тек рафинадталған май алынады. Облыста күнбағысты терең өңдейтін кешенді өндіріс жоқ.

Данияр Шаймарданов, «Павлодар ӘКК» АҚ Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету департаментінің  директоры:

- Біз әлеуметтік маңызы зор азық-түлік тізіміне рафинадталмаған майды қосуды сұрап, министрлікке хат жолдадық. Себебі тазартылмаған май қоры жеткілікті. Оның құны нарық бағасынан едәуір арзан.

Бүгінде азық-түліктің барлық түрі қымбаттады. Ұн, күріш, қарақұмық, қанттың бағасы айтарлықтай өскен.

Талғат Дұғалов, облыстық сауда және кәсіпкерлік басқармасының бөлім жетекшісі:

- Қантқа байланысты да осындай жағдай қалыптасқан. Қант өзімізден шығарылмайды. Сондықтан басқа жақтан  келетін өнімге тәуелдіміз. Оны еліміздің оңтүстік өңірлерінен және Ресей Федерациясынан аламыз.

Аймақта азық-түлік бағасы жіті бақылауда. Маусымдық қымбатшылықтың алдын алу үшін тұрақтандыру қоры жасақталған. Жергілікті атқарушы билік тауар өндірушілер мен сауда орындарының делдалсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге күш салмақ. Осы аптадан бастап ауылшаруашылығы жәрмеңкелері қайта жанданады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат

Хабар 24 телеарнасы