421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысында құс еті өндірісі еселеп арттырылмақ

  • 108
  • UPD: 23:04, 21.12.2020

Қостанай облысында құс еті өндірісін еселеп арттыру жоспарланып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осы мақсатта Қарабалық ауданындағы құс фабрикасын қайтадан жандандыру жұмыстары қолға алынды. Бұл ауқымды жобаны іске асыруға Сауда және интеграция министрлігі, «Бәйтерек» холдингі мен «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы қолдау көрсетті.

Жеті жылдан бері кәсіпорынның 24 құс қорасы қаңырап бос тұрды. Бір кездегі ірі өндіріс орынын қалпына келтіру жұмыстары осы күз мезгілі ғана басталды. Қазіргі кезде мұнда бес мердігер ұйым жұмыс істеп жатыр. Құс фабрикасы инфрақұрылымының 90%-і қайта жаңғырытылды.

Валерий Гричин, «Poultry-Agro» ЖШС өндіріс жөніндегі басқарма директоры:

- Сумен жабдықтау желісі дұрысталды. Бірқатар құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді. Атап айтсақ, шатыры жаңартылып, құстың саңғырығын шығаратын желі іске қосылды. Қазіргі кезде жылу жүйесінің қалпына келтіру және электр желісін тарту жұмыстары жүріп жатыр.

Алғашқы кезеңде он құс қорасы жаңғыртылып, жылына 12500 тонна ет өндіру көзделіп отыр. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарықтан тыс экспортқа да шығарылмақ.

Қайрат Маишев, «Poultry-Agro» ЖШС бас директоры:

- Үкімет пенА шаршуашылығы министрілігінің міндеті – бұл саланы 100% импорт алмастыратындай жағдайға жеткізу. 2027 жылға қарай Қазақстан халқы 800 мың тоннаға дейін ет тұтынатын болады. Яғни алдымызда үлкен мақсаттар тұр. Ал онымен қазірден айналысу қажет.

Бұл жобаның құны 5,5 миллиард теңге. Оны іске асыруға бірқатар қаржы құрылымдары қолдау көрсеткен. Ал «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы оған кепілдік беріп отыр.

Қайрат Маишев, «Poultry-Agro» ЖШС бас директоры:

- Ауыл шаруашылығын қаржыландырудың тәуекелі көп. Сондықтан екінші денгейлі банктер, басқа да қаржы институттары оған бара қоймайды «KazakhExport» бұл жағынан бізге үлкен көмек көрсетіп отыр. Мемлекеттік қолдаудың мәнісі осында деп білемін.

Құс фабрикасын қалпына келтіру екі кезеңнен тұрады. Кәсіпорын толық қуатына көшкенде мұнда 350-ден астам жұмыс орны ашылады.

Авторлары: Мағауия Қалиев , Ермек Мұхамедьяров

Хабар 24 телеарнасы