427,15 517.06 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Құс тұмауынан кейінгі қостанайлық фермерлердің жай-күйі қандай?

  • 266
  • UPD: 23:30, 21.12.2020

Қостанай облысында құс тұмауынан зардап шеккен елді мекендердің бірі – Меңдіқара ауданындағы Красная Пресня ауылы.

Онда бір үйдің 1300-ге жуық қаз-үйрегі қырылып қалған еді. Шығын көлемі 4 миллион тенгеден асып түсті. Бар құсынан айырылған шаруаның қазіргі жай-күйі қалай?

Мағауия Қалиев, тілші:

- Үш ай бұрын Тасболат осындай жабырқаулы күйде болған еді. Енді ше, төрт жыл бойғы бар еңбегі еш болып жатса, қалай налымасын. Келіншегі Зухра екеуі қора-қопсы салып, үйрек-қаздарының санын 1300-ге жеткізген. Соның бәрі тосыннан келген келген індеттен әп-сәтте жоқ болды. Артынша құс өліктері өртеліп, қораларда зарарсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Өтемақыны да алдық деп отыр.

Зухра Руселбаева, Красная пресня ауылының тұрғыны:

- Төлемақы төленді толығымен, құстарды алдық. 30 шақты қаз, 80 дана үйрек, тауықтар алдық. Енді күзге дейін өз қалпына келеді деп ойлаймыз.

Меңдіқара ауданында құс тұмауының жаппай таралуы Красная Пресня және Лесное ауылында байқалған еді. Екі елді мекенде ұзақ мерзімге карантинге жабылып, ресми мәлімет бойынша 1430 құстың өлігі жойылған.

Нұржан Нұрғожанов, ветеринарлық станция басшысының міндетін атқарушы:

- Меңдіқара ауданында құс тұмауынан қырылған қанаттылар үшін өтемақы толық төленді. Красная Пресня селолық округі бойынша 7 адамға 3 миллион 679 мың 276 теңге берілді. Ал Лесное ауылының үш тұрғынына 77 мың 145 тенге төленді.

Тасболат пен Зухра осындай қиындыққа тап болса да, алған беттерінен қайтпақ емес. Құс фермасын қайтадан қалпына келтіру жолында тынбай еңбек етіп жүр. Алдағы уақытта тағы тосын жағдайға ұрынып қалмас үшін қосымша бір кәсіпті бастап, шағын наубайхана ашқан.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

 

 

Хабар 24 телеарнасы