421,91 511.30 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Петропавл тұрғындары электр жарығының жиі сөнетініне шағымдануда

  • 92
  • UPD: 23:38, 21.12.2020

XXI ғасырда жарыққа жарымай отырмыз. Петропавл қаласының тұрғындары осылай деп дабыл қағуда.

Жұрттың айтуынша, шаһар шетіндегі Жұмысшы кентінің тұрғындары жарықтан мезі болған. «Ақшасын уақытылы төлесек те, электр қуаты аптасына 2-3 мәрте өшеді», - дейді халық. 

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Наталья Кудинова 400 мың теңгеден астам қаржысын жұмсап, былтыр ұзақ жанатын пеш орнатқан. Бір жылдан астам уақыт өтті, азаматша оның қызығын әлі көре алмай отыр. Себебі жарық жиі сөнеді. Ал, үйді жылытатын құрылғы электр қуатына тікелей тәуелді.

Наталья Кудинова, қала тұрғыны:

- Температура төмен болса, пеш өздігімен сөнеді. Ал, қатты жанып жатқан кезде электр қуаты өшсе, қазандық жарылып кетуі мүмкін. Кеше кешкісін, міне, жарық сөніп, не істерімді білмей қалдым. Қазір от жағып, үйден шығып кетуге қорқамыз. Электр қондырғыларымыз да істен шығып жатыр.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Ия, былтыр Натальяның теледидары күйіп, 45 мың теңгеге шығынға батқан. Жарықтың жырынан шаршаған жұртшылық монополисттерге талай мәрте шағымданыпты. Сонда да сең қозғалар емес. Қыстың көзі қырауда жылусыз қалмас үшін, қазір көбі автономды құрылғы қоя бастаған.

Надежда Костюк, қала тұрғыны:

- Көршілерім секілді генератор сатып алсам ба деп ойлап жүрмін. Өйткені мына мәселеден әбден шаршадық. Кейде аптасына 2-3 рет сөнеді. Күн ұзаққа жарықсыз отырған кездеріміз де болды.

Даша Федорова, оқушы:

- Қазір қашықтан оқимын. Компьютерімді қосып сабаққа кірісейін деп жатсам жарық өшеді де қалады. Өте ыңғайсыз.

Жауапты компания бұл сұрақтан хабардар. Мамандар жарықтың сөніп қала беруін электр қуатына деген жүктеменің екі есеге артқандығымен әрі инженерлік комуникациялардың тозғандығымен байланыстырып отыр.

Виталий Фесько, электр энергиясымен жабдықтау компаниясы бас директорының орынбасары:

- 23 желтоқсан күні түнгі 00:00-ден таңғы 05:00-ге дейін аталған ауданда жарық сөндіріледі. Тұрғындарға ыңғайсыздық тудырмау үшін осы уақыт аралығында біз жөндеу жұмыстарын жүргіземіз. Шаруалар кезең-кезеңмен іске асады. Алдағы уақытта мереке күндері мұндай мәселе енді туындамайтын болады. 

Айта кету қажет, аталған аудан бүгінде бір ғана қосалқы станциядан қуат көзін алып отыр.

Самат Қайырденұлы, тілші:

- Жұмысшы кенті ауданында алты жарым мыңнан астам абонент бар. Мұндағы электр сымдармен жүйелері әбден ескірген. Монополист компания жылда қаржы бөліп, оларды жаңартады. Дегенмен, мәселе толықтай қашан кешілетіні белгісіз. Бұл ретте жергілікті әкімдікте аталған сұрақты шешіп беруге қауқарсыз. Себебі құрылғылар мен қондырғылар жекенің иелігінде.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы